Төрегелді ШАРМАНОВ: «Бұл мақала уақытылы жазылып отыр»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын мұқият оқып шықтым. Бұл мақала уақытылы жазылып отыр. Президент соңғы кездері қоғамды мазалап жүрген түйткіл мәселелерге нақты жауап қайтарып, мемлекетіміздің бағыт-бағдарын тағы бір айқындап өтті. Биылғы атаулы мерекелерге тоқталып, тілімізге, егемендігімізге қатысты ой-пайымын ашық белгілепті.
Қазақ тіліне қатысты айтылғанына қосарым, бізге тілдің аясын кеңейту қажет, тілдің сапалылығына ден қоюымыз керек. Тіліміз көркем әдебиет және жалпы тұрмыстық қолданыста жетілді ғой. Ендігі талап – тіліміздің ғылыми салада, технология, заң, медицинада кең қанат жайып, толықтай жетілуі. Оқулықтардың қазақ тілінде тиянақты жазылып, ұғымды болуы. Ана тілімізді орыстың аударма тілі ретінде қолдануды доғару қажет. Жетер, ол заман артта қалды, ана тілімізді көлеңкеден шығару, тиесілі орнына әкелу – әр қазақтың міндеті.
Жүрісі жылдам заманда тіліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін IT салада, ғылыми салаларда кең қолданыста болып, бұрмаланбай, шұбарланбай ұғымды қалыптасуы керек. Бұған тек тіл мамандары емес, аталған салалардың мамандары бірлесе отырып қарауы шарт. Бұл – қолдан келетін шаруа. Тіліміз тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған жоқ, тіліміз бұрынғы заманнан ғылымның түрлі салаларын емін-еркін қамтыған.
«Әкесінің жазғанын оқитын баласы барда», қазақ ұлты тірі тұрғанда оның тілі ешқашан өлмейді. Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Бүгінде ірі қалаларымыз қазақыланды, әр ауылдан, өңірден келген қазағым өзімен бірге қазақ тілін әкелді. Демографиялық жағынан көбейіп жатқан да – біз. Алдағы 7-8 жылда елдегі қазақ тілінің қолданыс аясы 80 пайыздан асқанда, өзге тілдің өзі-ақ түсіп қалары – заңды. Мәселе – тіліміздің сапасына жіті көңіл бөлуіміз, осы бағыттағы жұмысты еселеу.
Жер мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы өте нақты шегелеп айтып өтті. Соңғы кездері асты-үсті қазынаға толы жерімізге көз алартып отырған сырт елдің өкілдеріне, жалпы көршілерімізге мардымды жауап болды.
Көп жерден естіп жатамын, «Бізде ешқашан ауызбіршілік болмаған, бір-бірін көре алмаған, бастары еш бірікпеген» дегенді. Бұл – қате ұғым. Мынадай алып, кең байтақ, қазыналы жерге қаншама ғасырлар бойы иелік етіп келген қазағымда бірлік, ауызбіршілік болмаса – қалай осының бәрін ұстап тұрар еді?!
Қазақи мінез – «Сен тимесең, мен тиме».
Қазыбек бидің сөзінде осының нақты жауабы тұр: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздың сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз».
Бұдан артық ешкім айта алмас.
Жерге қатысты барлық мәселелер шешілді. Керек болса, көрші жатқан елдерге «қалған жерімізді қайтар» деп отырған біз жоқ. Қазіргі белгіленген шекарамызға, қазына-байлығымызға ие болып, мықты мемлекет құруымыз керек.
Біз расымен ешкімге тәуелді емеспіз. Алпауыт көршілерімізбен үлкен шекара байланыстырады, әлбетте, көршімен тату-тәтті болған жөн. Бізге тек жалтақтамау керек.
Қазақ көбейсін, тұрмысы жақсарсын, әлденіп алсын. Бұл болса, қалғаны өзі-ақ қалыптасады.