Мемориалдық кешен ашылды
«Байларды», «кулактарды» жəне «ұлтшылдарды» құртуға бағытталған күштеу саясаты жəне Голощекиннің басшылығымен қазақ даласында жүргізілген ірі көлемде мал өнімдерін дайындау, шамадан тыс салық салу шын мəнінде қазақ шаруаларының қалың бұқарасына күйрете соққы берді. Ел ішінде ашу-ыза тудырды. Соның салдарынан, Қазақстанда 1929-1930 жылдары 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты.
Бас көтерген халыққа аяусыз жазалау шарасы жүргізілді, 1929-1931 жылдары ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланды.
Қызыл террордың сондай бір қырғыны қазіргі Қоскөл ауылының даласын да шарпып өтті. 1931 жылдың мамыр-маусым айларында сол кездегі Қарсақбай ауданындағы қазақ шаруалары да қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Көтеріліске үкіметтің меншіктегі малдарды күштеп тартып алып, шамадан тыс салық салуы шаралары себеп болды. Іс жүзінде аш-жалаңаш қалған 11-ші ауылдың жұртшылығы қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Оған Əлмағамбет Досмағамбетов пен Тілеуқабыл Жалмағамбетов деген кісілер ұйтқы болды. Ал, мұндай қадамға барудағы басты мақсат өздерінің ақ адал малдарын қайтарып алу еді. Бұл қарулы қақтығыс кейін ел аузында «Лақ көтерілісі», немесе «Қарақұм көтерілісі» деген атпен мəңгіге қалды…
Ұлытау ауданы, Қоскөл ауылында ауыл тұрғындарының өтінішіне сəйкес, аудандық бюджет есебінен «Қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында «Қарақұм көтерілісіне қатысушыларға» арналған мемориалдық кешен орнатылды. Оның ашылу салтанатына аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейіт арнайы барып қатысты.
Салтанатты рəсімде аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен ауыл ақсақалы Қалдыбай Рахметов сөз сөйлеп, Қарақұм көтерілісі жайында тарихи əңгіме айтып, осы істі қолға алуға мұрындық болған ауыл тұрғындарына лебіздерін білдірді. Бұдан соң жаңадан салынған кешеннің лентасын қиды.
Орайы келгенде айта кетейік, мемориалдық кешенде Қарақұм көтерілісі жайлы қысқаша тарихи дерек келтіріліп, көтеріліске қатысушылардың аты-жөндері жазылған. Ал, мемориалдық кешеннің жұмысын «Санжар-Димаш» жеке кəсіпкерлігі атқарды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.