Қазақстанның төрағалығы кезінде «үш зұлым күшке» қарсы күрес күшейеді – Тоқаев

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезінде «үш зұлым күшке» қарсы күреске баса мән беріледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында айтты.

Жиын барысында сөйлеген сөзінде президент алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан Республикасының табысты төрағалық еткені үшін премьер-министр Нарендра Моди мырзаға алғыс айтты.

– Сіздің еліңіз ұйымымызды дәйекті дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқылық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз – Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын. Осы жағдайды пайдалана отырып, әріптесіміз – Президент Александр Григорьевич Лукашенконы кеше өткен Беларусьтің Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бауырлас белорусь халқына амандық, бақ-береке тілеймін. Бірнеше күннен кейін Өзбекстан Республикасында президент сайлауы өтеді. Құрметті Президент Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке осы маңызды шараны табысты өткізуге тілектестік білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде баса мән берілетін салаларға назар аударды.

– Сонымен қатар біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн болар еді. БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды. Сондықтан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Президент.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығын білдірді.