Жаңа саяси өзгерістермен – жарқын болашаққа
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынатынын мәлімдеген еді.
Қазақстанда бүгінде өткізіліп жатқан саяси реформалар саяси жүйені, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған. Осы реформаның нәтижесінде мемлекеттің іс-әрекетке қабілеттілігі нығаяды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қолға алынады.
Президент ұсынған еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасында зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мұқият зерделенген. «Бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді. Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды» деген еді Мемлекет басшысы.
Жалпы алғанда, ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгеріс енгізілуі тиіс екен.
Осыған орай, елімізде былтыр өткен республикалық референдум Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасын ұсынды. Яғни конституциялық реформа – Президенттің аталған Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара.
Референдумда ел азаматтары қолдаған Конституциядағы негізгі өзгерістер: жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады. Президенттің осындай саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болды. «Сайлау жүйесін жетілдіру. Депутат сайлау алдында берген уәдесін орындамаған жағдайда Парламенттен кері қайтару. Сайлау үдерісін жаңғырту». Міне, бұл өзгерістер де азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, саяси жүйені жаңғыртуға өз серпінін тигізгені анық.
2022 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Ол «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын жария етті.
«Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ұсынған Жолдаудың маңызды бағдарлары – жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп үстемдігі.
Еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстанды құру, халықтың әл — ауқатын арттыру, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына көңіл бөліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, шағын және орта бизнесті дамыту, макроэкономикалық жүйені тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу.
Әсіресе «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды бастама болып отыр. Бұл – ел ертеңіне негізделген стратегиялық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама.
Осылайша, былтыр Президент сайлауы өтті. Биыл 19 наурызда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталды. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарып отыр. Елімізде орын алып жатқан саяси өзгерістер — жарқын болашақ құрудың негізгі көзі.
Ұлытау ауылдық округі әкімі аппараты.