Сұрапыл жылдарда халқына қалқан болған АЙБЫНДЫ БАТЫР

Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, соңғы үш ғасыр бойы қазақ халқы қилы-қилы кезеңдерді, талай-талай ауыр күндерді бастан өткеріпті. Соның ең ауыры осыдан тура үш ғасыр бұрын, тап қазіргідей 1723 жылдың көктемінің қараөзек шағында жоңғар қалмақтары мен ойраттардың бірлескен қалың қолының тұтқиылдан жойқын шабуыл жасап, қазақ жеріне баса көктеп кіруі болды.

Бейқам жатқан ел есін жиып, елдің түкпір-түкпірінде жатқан батырлары мен ел қорғарлық жасақтарының да басын қосып үлгермеді. Бұған сол кездегі ел басқарып отырған хандар мен төрелердің арасындағы өзара алауыздық та зор кесірін тигізді. Соның салдарынан ата жауына қарсы тұруға қазақтың шамасы келмеді. Жау əскері қысқа мерзімде оңтүстік өңірдің біраз қалалары мен елді мекендерін, атап айтқанда қасиетті Түркістанды, Созақ, Сайрам, Шымкент, Тəшкент қалаларын шаңға бөктіріп, басып алды да одан əрі Сыр бойына шабуыл жасады. Міне, осындай алмағайып кезеңде қазақ халқы жан сақтау үшін өзі өмір сүріп отырған туған жерін тастап, бас сауғалап, Арқаға, Ресеймен шекаралас солтүстік өңірлерге босуға мəжбүр болды, өйткені, бұл жақтағы көккөз, сары шашты көршілер жоңғарлар мен ойраттардың шашбауын көтеріп, қолтығына су бүркіп, оған қару-жарақ сатып, қолдау көрсетіп отырған еді. Халықтың осы босқындық, шұбырынды жайы кейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Бұл естен кетпес қанды, қасіретті оқиғаның болғанына бүгінде үш ғасыр толды. Зымыраған, құмша сусыған уақыт ай десеңізші! Қазақтың басына төнген аласапыранды халқымен бірге өткерген, оның адам төзбес қиыншылықтарын бастан кешкен Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы тарихи «Елімай» дастанын сол қасіретті кезеңде өмірге əкелген еді. Ол ел басына төнген қауіпті, сұрапыл сойқанды, жаудың жауыздығын, адам айтқысыз қатыгездігін былай деп жырына қосқан болатын:

Сабырымды өлеңіме  сарқайын,

Жау шапқанда  Тарбағатай зарлады,

Күңіреніп, қайғы жұтты  Алтайым.

Ұлытаудың қабырғасы  сөгілді,

Балқашымнан қаншама  жас төгілді.

* * *

Қасіреттен далам жатты  дал-дал боп,

Жоңғар шауып,  бұлт құрсады көгімді.

Жау шапқан кез  еске салар құйынды,

Қайтіп айтам ұшқан бақыт,  күйімді?

Жекпе-жектен  тайсалмайтын ерлерім,

Қапы қалып,  тау-тау болып үйілді.

«Елім айлап» шығарамын  дауысымды,

Қапияда құдай атсын  жау сұмды.

Аруларым аруаққа  айналып,

Бесіктегі балам-дағы  шаншылды…

Бұл кезде о шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын, ұшы-қиыры шексіз қазақ елінің орталық, батыс өңірлері мына сойқаннан əлі бейхабар жатқан еді. Қашаннан ақкөңіл, жай басар, аңқау қазақ сол бəз-баяғы қалпымен өз тіршілігімен айналысуда болатын.

Жастайынан бұла өскен Тілеулі секілді ерен азаматтың жоңғарлармен жан алысып, жан беріскен алапат шайқастарға қатысуына мынандай бір жағдай себеп болады. Ол бірде өзі туып-өскен Торғай өлкесінің кең жазира даласында аң аулап, жортып жүріп, əбден қажыған соң ат суытып, өзі де бір сəт көз шырымын алып, тынығу үшін тұлпарынан түсіп, ер тоқымын жастанып, көкорай шалғынға жата кетеді Жолсоқты болып қажығандықтан болса керек ілезде көзі ілініп кетіпті. Қанша уақыт жатқаны белгісіз, бір кезде ақ киімді, ақ сақалды, қолында асатаяғы бар бір қария жанына келіп, тоқтап:

– Балам, неғып жатсың? Қазір өзіңдей жас жігіттердің жататын кезі ме? Шығыстан қара бұлт төніп, ел басына қаралы күн туды. Тұр балам! Көтер басыңды! Байқаймын, ел тірегі боларлықтай азамат екенсің, батамды берейін, жай қолыңды – дейді қария. Қарияның сөзіне таңқалса да, Тілеулі шын ниетімен екі қолын жаяды.

Сонда қария:

Қанжығаның қанынан бердім, Тебінгінің терінен бердім, Бет алған тұсыңнан бердім. Ақ найзаның ұшынан бердім. Мыңғырған малды бол, Тұқымың тарап, мың-мың жанды бол. Батырлардың алды бол, Шебіңнен жау өтпесін. Басыңа қонған бақ-дəулет, Тепкілесе кетпесін, – деп осылай Қыдыр ата батасын берген екен.

Тілеулі шырт ұйқыдан оянып, басын көтеріп, жан-жағына қараса ешкім жоқ. Өзінің көргені түс екенін сезген Тілеулі жедел атын ерттеп, жолға шығады. Бірер белден асқанда алдынан суыт жүріп келе жатқан жолаушыларды көреді. Түрлеріне қараса жəй жүргіншіге ұқсамайды, асынған қару жарақтары да күнге шағылысып, олардың жəй адам емес екенінен хабар бергендей. Оның үстіне əлгінде түсінде өзіне абыз ақсақалдың айтқаны да еске түсе кетті.

– Дала кезіп жүрген жау шолғыншылары болмаса игі еді, – деп Тілеулі қапы қалмайын деген ниетпен жау жарағын дайындап, жолаушыларға жақындай түседі. Мына жалғыз атты жолаушының өздерінен еш сескенбей қарсы келе жатқанына олар да таңқалып, артында сүйенетін əскері бар ма? деп қауіптенсе де өздеріне жақындаған жолаушымен шайқасуға дайындала бастайды. Кенет əлгілердің арасынан сылыңғыр қаракер тұлпар мінген біреуі суырылып алға шығып, сөзге келместен Тілеуліге найза салмақ болып тұра ұмтылады.

Жағдай қалай болады? деп дайындалып келе жатқан ол да қапысыз қалмай жіті қимылдап, өзіне сілтенген найзаны қағып жібереді.

Найза соңынан қолдарына қылыш алған жауынгерлер бірін-бірі ала алмай біраз шайқасады. Осындай бір сəтте Тілеулі:

– Е, Алла, бір өзің жар бола көр, – деп Жаратқан иеге жалбарынып қалады. Мұны естіп қалған əлгі қаракер тұлпардың иесі де шалт дауыстап:

– Əй, сен қазақпысың? – дейді. Осыдан кейін ғана өздерінің қазақ екендеріне көздері жеткен екі жауынгер кілт тоқтайды. Сол жерде құшақтасып, қол алысып, танысады. Бабамыз Тілеулі жоңғар қалмақтарымен болған шайқастардағы бұдан былайғы қандыкөйлек досы Шақшақ Жəнібекпен осылайша танысқан екен. Ұлы жорық жолында танысып, талай қанды шайқастарды бастан бірге өткерген қазақтың қос батыры тұңғыш балаларының есімін шынайы достықтарының белгісі ретінде Дəуітбай деп қойған екен. Бұл аңыз емес, бұл өмір шындығы. Шақшақ Жəнібектен туған Дəуітбайдың баласы Мосы да батыр болған. Бүгінде Тілеулі ұрпақтарының үлкен бір тайпасы Тілеулінің ұлы Дəуітбайдың есімімен аталады.

Тілеуліге Қыдыр бабаның берген батасы қабыл болып, ол жоңғарлармен болған қанды жорықтарда ерлігімен, жаужүректігімен, қайсарлығымен танылып, туған жерге деген сүйіспеншілігімен, ер жігітке ғана тəн намысшылдығымен сан шайқаста көзге түскен екен.

Қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетпей сақталып қалуының, туған жердің туырлықтайын да ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, жат жауға бермеген батырлардың жанкештілігінің бастауында тұрған «Бұланты шайқасы» бұған дейін еш қарсылық көрмеген, жеңістің буына ісінген жоңғар қалмақтарымен болған ең шешуші шайқастардың бірі болды. Қазақтың сайын даласының бір қиырында жатқан Бұланты жазығында өткен шайқасқа соғысушы екі тараптан 60 мыңның үстінде əскер қатысты деп келтіреді тарихшылар. Шайқасқа тоқсан екі баулы Қыпшақтың жасақтарын басқарып келген Тілеулінің шайқастың басталар алдындағы жекпе-жекке өзінің өтінішімен жəне қазақ жасақтарының бас қолбасшысы Қанжығалы Бөгенбайдың:

– Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы, көзінде жалын ұшқындап тұр екен, шықса шықсын, – деген қолдауымен ортаға шыққан Тілеулі атан түйедей дəу есер жоңғар батырымен шайқасқа қатулана кіріп, жаудың іс-қимылын жіті қадағалап, əскери айла-тəсілді орынды қолдануға тырысты. Сұрапыл жылдарда халқына қалқан болған

Шамхан РАХМЕТОВ.

 (Жалғасы бар).