Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары! Қадірлі жерлестер!
Сіздерді 9 Мамыр — Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл мереке – оқ пен оттың арасындағы жанқияр ерліктің, болашақ ұрпаққа кемел келешек тарту етпек ниеттің нәтижесі. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де – осынау мерекенің жемісі.
Майдангерлердің ерліктері — мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын біз оның маңызын ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз.
9 Мамыр мерекесінің маңызы бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Қазіргі күні Ұлытау облысында бейбіт күн үшін арпалысқан ардагерлеріміз қалған жоқ, десе де 801 тыл ардагері бар. Бұл кісілер – отты жылдардың куәгері, ерен еңбектің үлгісі. Ал майдан даласында шайқасқан бабаларымыздың есімі – ел есінде. Ұрпақ олардың ерлігін ешқашан ұмытпақ емес. Жеңіс пен бейбітшілікке лайықты ұрпақ бола білу, қол жеткен жетістіктердің бағасын біліп, оны еселей түсу – біздің басты міндетіміз. Бар қажыр-қайратын, жастығы мен балалығын ашық аспанымыз үшін сарп етіп, талмай еңбек еткен тыл ардагерлерінің өмір жолы – тәрбиенің қайнар көзі.
Айтулы мерекеде сіздерге шексіз бақыт, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Әрдайым аспанымыз ашық болып, бейбітшілігіміз мәңгі салтанат құрсын!
Құрметпен,
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов.