Қымбатты тыл еңбеккерлері! Қадірлі майдангерлердің ұрпақтары! Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлы Жеңіс күні – аға ұрпақтың ерлігін мəңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны бөлек.

Бұл – бүкіл ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты, қайсар рухының жеңісі. Міне, биыл Ұлы Жеңістің 78-ші көктемі. Ардақты аталарымыздың сол кезеңдегі батылдығы мен батырлығы қас дұшпанның мысын басып, болашақ ұрпақтың тəуелсіз елде өмір сүруіне жол ашты.

Ұлытау ауданында майдан даласында қан кешкендердің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында көптеген істер атқарылуда. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан отандастарымыздың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Біз олардың рухына тағзым етіп, мақтан тұтамыз.

Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі. Ұлытау ауданында көзі тірі майдангер қалмаса да, бабалар ерлігі халық жадында жаңғырып, бірге өмір сүріп келеді.

Ерлік даңқы ешқашан өшпейді. Ол əр буынның есінде мəңгі сақталады.

Мерейлі мереке күні ардагерлердің ұрпақтарына зор денсаулық, кейінгі жас толқынға жарқын болашақ, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілейміз.

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

 Ұлытау ауданының əкімі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

аудандық мəслихаттың төрағасы.