Жүректегі соғыс сызы
Кешегі сұрапыл соғыс миллиондаған боздақты жұтып, миллиондаған аналарды аңыратып жесір, миллиондаған балаларды шырылдатып жетім қалдырды. Бұл елдің басына түскен алапат апат, нағыз нəубет еді.
Сол жылдары біздің ауылдың аналары бесіктегі сəбилерін:
«Əлди, əлди балапаным, балашым,
Қан майданға қарсы туған баласың.
Жаңғыртады шырылдаған дауысың,
Европа мен Азияның даласың» — деп көз жастарын көлдетіп баласының бесіктерін тербетіп отыратын. Осы бір жалғыз шумақ өлеңді баллада десе де, поэма десе де болғандай. Бұл бір ғана шумақ өлеңнін кереметтігі сонда – мұны айтқан автор анамыз сол кездегі əлем халқының басына тускен адам төзгісіз қайғы-қасіретті, соғыстың сойқанын, егілген ел, еңіреген балалардың тағдырын жүрек тебірентерліктей, естігендерді егілтердей етіп осы шумаққа сыйғызған. Автор анамыз өз сəбиін ғана емес сұм соғыстың зардабынан шырылдаған əлемнің сəбйлерін əлдилеп отырғандай сезімде болған. Сол соғыс жылдарындағы сəбилердің шырылдаған дауысы Европа мен Азияның даласын жаңғыртып тебірентіп тұрғандай тамаша шеберлікпен осы бір шумақ өлеңмен берген. Өзінің сəбиінің шырылдап жылағанын сол кездегі соғыс сойқанынан əлем сəбилерінің аянышты тағдырын шырылдаған ащы дауысын жан жүрегімен сезінген.
Осы бір шумақ өлеңнін авторы өресі биік, ой өрісі кең Алла дарытқан дарынды ана екені даусыз.
Біздің халқымыз астарлап сөйлеп, шындықты аспанға шығаруға өте шебер. 1721 жылғы Қалмақтардың тосын шабуылынан ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған кезде «Елім-ай» деген өлең шыққан. Ол өлең үш жарым ғасыр өтсе де өзінің керемет маңызын жоймай бізге жеткен. Осы өлеңнің мына бір шумағында:
«Мына заман қай заман қысқан заман,
Ел басынан бақ-дəулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізінен қар борайды,
Шілде де қаңтардағы қыстан жаман» дейді. Əрине шілдеде қардың борамайтыны қаңтардағыдай аяздың болмайтыны белгілі. Өлеңнін авторы шұбырған ізден бұрқыраған шаңды қарға ми қайнатар күннің ыстығын, қаңтардың қақаған аязына теңеп елдің басына түскен алапат апатты астарлап, бейнелеп беріп отыр. Өкінішке орай авторы белгісіз.
Ал жоғарыдағы соғыс жылы шыққан бір шумақ ананың əлдиі отбасы, ошақ қасындағы бір ғана ананың əлдиі емес, соғыс жылдарындағы əлемдегі аналардың əлдиі деуге болады.
Осы бір балладаға белгісіз жалғыз шумақ өлеңді Терісаққан өңіріндегі Желдіадыр, Талап, Қызылту, Қараадыр калхоздарының барлық аналары сəбилерін осы өлеңмен əлдилейді екен. Бөпесін тербеткен ересек балалар да осы өлеңді айтып отыратын болыпты. Ауылдың үлкен кісілері бұл өлеңді «Алуаның əлдиі» деп атап кеткен. Өйткені өлең елге сол кісіден тараған.
Желдіадыр колхозында Алуа Нұрғалиқызы деген от ауыз, орақ тілді ақын анамыз болды. Бұл кісінің аузынан шыққан өлеңдері елге тез тарап кететін. Менің жас бал кезімде бірнеше жыл бір ауылда Алуа шешеймен бірге болдық. Ол кісі біздің үй мен бір үйдің адамындай болып кеткен. Мен ол кісіні «Алау апа» дейтінмін. Ақжарқын ашық бауырмал өте сұлу кісі болатын. «Түлкі түгіне жазықты» деген Алуа анамызға калхоздың басқармасы Жəмкен деген кісі көп қиянат жасапты. Басқарма қанша қианат көрсетсе де Алуа анамыз оның құрған торына түспеген. Қайта басқарманың кемшіліктерін айтып өлеңмен қатты сынап отырған. Оны мына бір шумақтан көруге болады:
«Калхоздын басқармасы Жəмкен шырақ,
Өзіңде, не сөзіңде жоқ қой тұрақ.
Қыс келді қыстақтардың шөбі де жоқ,
Үйлері қоралары жатыр құлап.
Халықтың мұң мен зарын тыңдамайсың,
Сен қандай басқармасың ақпа құлақ.
Азаматтар ел қорғап майданда жүр,
Жағдайы жоқ жетім, жесір отыр жылап.
Олардың бір келмейсің халін сұрап,
Бадырайған көзің бар маңдайыңда,
Кемшілікті көрмейсің соқыр бірақ» — деп сынаған.
Шəшті деген жерде сиыр фермасынын орталығы болатын. Фермада сегіз қыстақ бар. Соның біреуі екі адырдың арасындағы Тас қора деген қыстақ. Оған қыста ешкімнің барғысы келмейді. Өйткені басқа жерге қарағанда бұл қыстақтың қысы ал бөтен қатты болатын. Үй, қораны қыста қар басып кетеді. Қыстаған адамның қолынан күрегі түспейді. Сол жылы бұл қыстақ ешкім бармай бос тұрған, бірақ басына жеткілікті шөп үйілген. Қаңтар айының орта кезінде фермаға Жəмкен келіп, қыстақтарды аралап Бақалы деген қыстақта отырған Дүйсен Тұрсынбаевтың үйіне келеді. Дүйсеннің көмекшісі Алуа шешеймен оның он жеті жасар баласы Сəдімəн екен. Дүйсен қолдағы малға шөптін жетпейтінін айтады. Жəмкен ойланбастан қасындағы ферманың меңгерушісі Əлжан Есенғұловқа бос тұрған Тасқораға осы арадан он екі сиыр бөліп беріп Алуаны көшір деиді.
— Жəке, Сəдімəн он жетіде ғана ғой бір қыстақты ұстап тұра ала ма? Ал Алуаның бір жасқа толмаған баласы бағой мынау қақаған қыс айында қалай көшіреміз – дейді.
— Сөзді қой көшір дедімбе, көшіресің деп Жəмкен кетіп қалад. Əлжан Алуаға келіп амал жоқ көшуіңе тура келеді – дейді
— Иə, дейді Алуа шешей…
Қыс ішінде көш дейді Тасқораға,
Обал деп ойламады жас балаға.
Шырағым жағдай былай деп айтатын,
Ежелден жексұрын ем басқармаға.
Алла басқа салған соң амал бар ма?
Көш — деді, көшеміз ғой Əлжан аға — деп өлеңмен жауап береді.
– Қалқам Алуа шабытты ақынсың ғой — деп таңғалады Əлжан.
– Əттең менің қолымнан ештеңе келмейді.
– Аға, қиналмаңыз! Бірақ менің осы ажарым ажалым болатын, шабытым табытқа түсіретін шығар. Алланың маңдайға жазғанын көреміз — деп Тасқораға көшеді.
Алла абырой беріп қыстың қаттылығына қарамастан Тасқорадағы мал шығынсыз шығады. Жəмкен ферманың орталығына келіп малшыларға жиналыс өткізеді. Əр малшыдан баққан малының жағдайын сұрайды. Кезек Алуаға келеді «мал қыстан шығынсыз шықты сегіз сиыр бұзаулап екеуі қысыр қалды» дейді Алуа. Жəмкен түсін суытып «екі сиыр неге қысыр қалады?» деп Алуаға дауыс көтереді. Алуа сабырлы дауыспен «жолдас басқарма оны менен неге сұрайсың оны қызыл қасқа бұқадан сұра оны неге қысыр қалдырдың деп, сиырдың қысыр қалуы бұқадан, əйелдің қысыр болуы еркектен» — дейді. Ел ду күледі. Сүйтсе Жəмкеннің зайыбы бала көтермегеніне үш-төрт жыл болған екен. Жəмкен не айтарын білмей тұтығып қалады. Істің ушығып бара жатқанын білген Күлше шешей одан əрі ушықтырмас үшін өтірік талып қалады. Жиналғандар Күлшемен əбігер болап аяғы жиналыс тарап кетеді. Бұл соғыс жылдарындағы адамдардың бір-біріне жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді.
Жоғарыдағы балладаға белгісіз жалғыз шумақ өлең Алуа анамыздан шықты деп айтуға толық негіз бар.
Мен егер мүсінші болсам «Соғыс жылдарындағы ананың əлдиі» деген тақырыпта бесігін тербетіп, сəбиін əлдилеп, мұңайып отырған бір ананың мүсінін жасап астына осы өлеңді жазып қояр едім. Əттең, қолымнан келмейді.
Алуа анамыздың төркіні жайлы болатын 1982 жылы ол кісі Каракеңгір савхозындағы төріндеріне келіп біраз уақыт болып, Ұлытаудағы інілері Сабырдың Серігі, Садықтың Жақиясы, Бекілдектің Қуанышының үйлерінде бір жетідей болып, бір күні біздің үйге келіп қонды. Менің шешем екеуі өткен-кеткенді айтып түннің бір уақытына дейін əңгімелесті. Ертеңіне мен редакцияның «ГАЗ-69» машинасымен Шеңбер совхозындағы Əбіш Сұлтанов ағайдың үйіне апарып салдым. Сонда осы өлең туралы сұрау мүлдем есімде болмапты. Кейін ол кісімен кездесе алмадым. Сол ақырғы кездесуіміз болды.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.