Табиғат тазалығы – адамзат амандығы
Табиғат – тіршіліктің тал бесігі. Осы табиғаттың мейіріне бөленіп, адамзат ғұмыр кешеді. Табиғаттың бізге берер байлығы ұлан-асыр. Жер астынан алынатын қазба байлықтарын айтпағанда, күнделікті ішіп жүрген мөлдір суымыз, тіпті жеп жүрген нанымыз бен тамақтарымыздың өзі — табиғат-ананың бізге берген игілігі. Иə, демек, табиғат – біздің анамыз. Ал біз – табиғаттың перзенті, оның бір бөлшегіміз.
Біз табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреміз. «Бір тал кессең, он тал ек» деп дана халқымыз айтқандай, табиғатты көркейту, оған зиян келтірмеу – адамзат алдында тұрған ұлы міндет! Табиғат-ананың құшағын жайып, адам-баласына берген байлығы шексіз. Алайда, осынау тіршілік көзіне деген пенде атаулының жаупкершілігінің болмауы табиғат апаттарына əкеліп, экологиялық ахуалды туындатып жатқаны рас.
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан əлем қоқыстың құрсауында қалып отыр деуге де болады. Өйткені шірімейтін тұрмыстық қалдықтардан зардап шегеміз. Қанша ғасыр өтсе де, еш бұзылмайтын пластикалық бөтелке, полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отыр. Біз көбіне полиэтилен пакеттерді, пластикалық ыдыстарды көп қолданамыз. Ыдыс, пакеттер жылдам жарамсыз болып қалады. Жаз шыға демалыс маусымы басталады. Демалыс орындарының айналасын қалдықтарға толтырмай, əр демалушы өз қоқысын өзі жинауы керек. Қоқыстарға көміліп қалмаудың жолы – табиғи өнімдерден жасалған заттарды адамдар қолдану. Əр адам өз жүрген жеріне көңіл бөліп, тазалық сақтап жүрсе, біздің денсаулығымыз да жақсара түсетіні анық.
Ерден РАХМАНИЯНОВ,
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ Экологиялық ағарту, рекреация жəне туризм бөлімінің басшысы.