Шежірелі Шеңбер — шырайлы

Шеңбер ауылдық округі әкімі Сағат Сұлтановтың 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы қорытынды есебі

Жер көлемі: 300730 га;

Облыс орталығынан қашықтығы – 840 шақырым;

Халқы: 391 адам;

Этникалық құрамы: қазақ – 100%;

Әлеуметтік нысандар саны: білім беру –1, шағын орталық – 1, мәдениет үйі – 1, кітапхана – 2, ФАП – 1.

Ауыл шаруашылығы

Ауылдық округ бойынша ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бағытында тіркелген шаруа қожалықтарының саны – 48. Олардың жалпы пайдаланып отырған жер көлемі – 69290 га, оның ішінде: жайылым – 61743 га; шабындық – 1852 га;

2020 жылдың 1 шілдесінде жүргізілген санақ бойынша, шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтарындағы жалпы мал саны:

– ірі қара– 2580 бас немесе 117,2 пайызға өсім байқалады;

– қой-ешкі – 3547 бас немесе 87,0 пайыз;

– жылқы – 1476 бас немесе 102,8 пайыз;

– құс – 560 бас немесе 123,5 пайыз.

Егін өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны – 2: Шоқаева О. «Сабыр» ШҚ , Қасымов А. «Жөкебаев О.» ШҚ. Көктемде барлығы 1200 га. жерге дән себіліп, күзде өнім толық жиналып алынды. Түсімі – гектарынан 9 центнер.

2020 жылы ірі қара мал тұқымын асылдандыру бағыты бойынша 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды.

Биылғы жылы мал басын көбейту мақсатында үш азамат – Медет Сартаев, Жақия Райысов, Нұрболат Смағұлов ауылдық округ аумағынан жер алып отыр.

Қысқы мал азығын дайындау бойынша 2020 жылғы жоспар 10925 тонна болса, шөп шабу науқаны тыңғылықты атқарылып, жылдық жоспар толығымен орындалды.

Мал басын егіп-емдеу жұмыстарыжоспарға сәйкес уақытылы жүргізілуде.

Мемлекеттік бағдарламалар игілігі

Мемлекеттік бағдарлама негізінде 2019 жылы 22 шаруа қожалығы 22 бірлік күн панелін алып орнатса, биылғы жылы 6 шаруа қожалығы 6 күн панелін орнатып отыр.Ауылдық округ бойынша тұрғылықты үй-жай, қора-қопсымен қамтылған шаруа қожалықтарыкүн сәулесінен қуат алып, жарық беретін құрылғымен 100 пайыз толығымен қамтылды. Орнатылған құрылғының жалпы құны – 74,0 млн. теңге.

Биылғы жылы жайылымдарды суландыру бағдарламасы арқылы ұңғыма қаздыру үшін 12 шаруа қожалығы сұраныс беріп отыр.

Qoldau.kz цифрлық платформасына Шеңбер ауылдық округі шаруа қожалығы иелерінің жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары бойынша 33 шаруа қожалығы енгізілді. Жалпы енгізілген жер көлемі – 43518,3 га, пайыздық орындалысы – 77,2%.Қалған шаруа қожалықтары құжаттарын рәсімдеу жұмыстарымен айналысуда.

Әлеуметтік сала

Шеңбер ауылдық округі аумағында тұрғылықты мекенжай бойынша 391 адам тіркелген, оның ішінде еңбекке жарамды жастағылар – 282 адам.

2020 жылы жекелеген санаттағы мұқтаж азаматтар әлеуметтік көмек алды, оның ішінде:

– жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар – 21 адам, олар Үкімет тарапынан ай сайын жәрдемақыларын уақытылы алуда (2020 жылы – 21 адам).

– Зейнеткерлер – 24 адам;

– көпбалалы аналар («Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері) – 25 адам;

– тыл ардагерлері – 5 адам;

– балалары кәмелеттік жасқа толмаған, көпбалалы отбасылар – 8 отбасы;

– табыстары кедейшілік деңгейінен төмен отбасылар жоқ.

Биылғы жылы Ұлытау ауданының 80 жылдық мерейтойына орай, 5 еңбек ардагері және зейнеткер ұстаз, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы М.Сейтқазинов Ұлытау ауданының 80 жылдық төсбелгісімен және «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.

Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны –6 адам, оның ішінде қоғамдық жұмысқа тартылғаны – 6 адам. Қоғамдық жұмысқа тіркелген Жеңіскүл Жанұзақова №2 Қорғасын орта мектебіне жұмысқа орналасты. Жастар практикасы бойынша Н.Құсайын қазіргі уақытта ауылдық әкімдікте тәжірибеден өтуде. Биылғы жылы әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы кезінде науқастанған қалалықтарға көмек көрсету мақсатында, шаруа қожалықтарынан 50 литр қымыз жиналып, Жезқазған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Әкімдік

Ауыл мешітінің жөндеу жұмыстарына ауылдың өз тумасы үлес қосып, өз қаржысына төбесін құйып және тағы басқа жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Биылғы жылы әкімдік ғимаратының сыртқы жөндеу жұмыстарына (сыртқы қабырғаның сылақ жұмыстары және шатырын айырбастау) – 2407,0 теңге қаражат бөлініп, жұмыс толығымен аяқталды.

Сарыарқа көшесіне жаңадан 8 (сегіз) дана электр бағаны қойылып, жарық көздері орнатылды. Жұмсалған қаржы көлемі – 1 581,0 теңге.

Аудандық бюджеттен бөлінген 30,0 млн. теңге қаржыға Қорғасын-Ұлытау бағытындағы аудандық дәрежедегі көтерме жолдың 8,9 шаңырымына,конкурс арқылы жеңімпаз болып танылған «Ұлытау-Тасбұлақ» ЖК (Бекетаев Б.) жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Жергілікті салықтық түсім көздерінен құралған 3 226 215 теңге қаржыға ауыл орталығындағы саябақтың сыртқы қоршаулары (230 м.) жаңартылды.

2020 жылы Ұлытау ауданы бойынша барлық ауылдық округтерге «Қатысу бюджеті» атауымен қаржы бөлінуіне байланысты ауылдағы орталық көшеде халықтың пікірін ескере отырып, 1 500 млн. теңгеге 20х10 метр жер аумағы қоршалып, спорттық «Көшедегі жаттығу қондырғылары» орнатылды.

Ауыл тұрғындарының жаңадан салынған түрлі құрылыс нысандары және үй-жайы құжаттарын рәсімдеу үшін 2020 жылы маусым айында арнайы сұраныс арқылы Жезқазған қалалық Гипрозем, БТИ мекемелерінен мамандар келіп қызмет көрсетті.

Білім беру

№2 Қорғасын жалпы орта білім беретін мектебі– 11 жылдық. Оқушылар саны – 40 бала (мектепке дейінгі даярлық тобында – 5 бала, барлығы – 45 бала) дәріс алуда. Мектепте 20 мұғалім сабақ беруде.

Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша бір отбасы Сәтбаев қаласынан көшіп келіп, мектепке жұмысқа орналасты.

Мектеп ішінде 20 орындық асхана жұмыс істейді, көпбалалы отбасылардан шыққан және 1-4-сыныпқа дейінгі 30 оқушыға тегін тамақ беріледі.

Мектепте 16 компьютер бар, оның ішінде интернет желісіне 5 компьютер қосылған. Бір компьютерге 3 оқушыдан келеді.

2019 жылы №2 Қорғасын жалпы орта білім беретін мектебінің 2-қабатына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы жаңа типті модульді жылу қазандығы іске қосылды. Сонымен қатар, асханаға су кіргізіліп, ғимарат ішіне дәретхана орнатылды.

№2 Қорғасын жалпы орта білім беретін мектебіне қарасты шағын орталықта 15 бала тәрбиеленуде және 1 тәрбиеші, 1 бала күтуші жұмыс атқаруда (2020 жылы – 15 бала). Орталықтың жалпы сыйымдылығы 15 балаға арналған. Биылғы жылы мектебіміз жылдың барлық кезеңінде жүруге арналған, арнайы жабдықталған автокөлікпен қамтылып отыр.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай және тұңғыш шәкірттерінің сұранысын ескере отырып, мектеп ауласына II және III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, 1939 жылы Шеңбер ауылында құрылған алғашқы мектептің негізін қалаушы және меңгерушісі болған Сөлиақас Омарұлы Оспановтың мүсіні орнатылды.

Кәсіпкерлік саласы

Биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдап, дамытуға арналған аудан әкімінің грантын Б.Саламат (750.000теңге) пен Е.Жұмағат (750.000теңге) қоғамдық монша салу бағыты бойынша жеңіп алды.

Ауыл тұрғыны Жанар Күнтуғанова да аудан әкімінің 555,000 теңге грантының иегері атанып, торт және түрлі тоқаштар шығаратын «Шеңбер тәттілері» шағын цехын ашты.

Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы көпбалалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі 7 (жеті) отбасыға 21 (жиырма бір) тонна көмір жеткізіліп берілді.

Денсаулық сақтау

Ауыл орталығында 1 медициналық пункт орналасқан және онда 2 медбибі жұмыс істейді. Өткен жылдың егіп-емдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Жүкті аналар есепке алынып, денсаулығы қадағаланып отырады. Пандемия кезінде халық денсаулығын қадағалау, санитарлық талаптарды сақтау шаралары жүйелі жүргізілді.

Мәдениет саласы

Ауылдық округте тұрғындарға 1 клуб үйі және 2 кітапхана қызмет көрсетеді. Клуб үйінде мерекелік кештер, түрлі мәдени-рухани шаралар өткізіліп, кітап көрмелері тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Биылғы 8 наурыз – Аналар мерекесіне орай өткізілген іс-шараға, жеке шаруа қожалығының иегері Ержан Нәлібаев демеушілік жасап, 35 анаға мерекелік сый ұсынды.

Бүгінгі күні ауылдық округ кітапханасының кітап қоры – 9145 дана. Кітапхана оқырмандарға жыл бойы қызмет көрсетеді.

Осы жылы клуб үйіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы, 17,000 млн. теңгеге толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп (шатыр айырбастау,ішкі есіктері, ішкі төбе жабындылары,сыртқы қоршаулары, сыртқы қабырғаларын қаптау) қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде пайдалануға берілді. Аталған жұмыстарды орындау кезінде жұмыссыз ретінде тіркелген 4 (төрт) адам уақытша жұмыспен қамтылды.

Ауыл саябағындағы «Ерлікке – тағзым» мемориалдық тақтасы қайта жаңартылып, төңірегіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жұмсалған қаржы – 419,000 теңге.

Жыл басында аймағымызға танымал өнер адамдарынан арнайы сарапшылар алқасы құрылып, ауыл гимні болуға лайық, сөзі мен сазы үндескен ең сәтті туындыны таңдап алу мақсатында шығармашылық байқау жарияланған. Оған алыс-жақындағы көптеген ақын-сазгерлер өз туындыларын ұсынуда. Сондай-ақ, арнайы Ақылдастар алқасы белгіленіп, ауылдың арғы-бергі тарихынан, ел мен жердің шежіресінен сыр шертетін, ауылдың жалпы табиғатын, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани даму кезеңдерін сипаттайтын, ауылдан шыққан айтулы азаматтар мен еңбек адамдары жайлы дерек-дәйектер топтастырылған «Шеңбер (Қорғасын)» атты көлемді энциклопедия дайындау қолға алынған. Бүгінде бұл игі іс те өз мәресіне жетті. Тек пандемияға қатысты карантиндік шектеу шаралары салдарынан ауыл гимнін анықтайтын байқауды қорытындылап, энциклопедияның салтанатты тұсаукесер рәсімін өткізу кейінге шегеріліп отыр.

Абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары

Биылғы жылы санитарлық тазалық жұмыстарын атқарып, ескі ғимараттардың орнын тазалауға 335,000 теңге жұмсалды. Ауыл ішіндегі қыстан шыққан мал қиы сыртқа уақытылы шығарылды.

Ауылдағы саябақ пен мешіт қоршауының ішіне 30 түп ағаш егілді.

Ауыл азаматтары Жаңабай Түскеев пен Бақтияр Смағұлов өз қаражаттары есебінен түнде жарық беріп тұратын «Қорғасын» жазу-белгісін орнатты.

Коммуникация

Жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы – 28 шақырым, оның ішінде көтерме жол – 28 шақырым.

Биылғы жылы жолды жыл бойы күтіп ұстау жұмыстарына 4 000.000 теңге бөлініп, қыс маусымындажол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол талғамайтын «МТЗ-80» тракторы ауыл орталығында үнемі дайын тұрды. Бір адам жұмыспен қамтылды.

Электрификация

Орталықтандырылған электр қуатымен қамтылған үйлер саны – 60.КТП саны – 3. Ай сайын пайдаланылған электр қуатыүшін төлемақы мерзімінде төленеді, берешек сома жоқ.

Байланыс

«ДАММА» спутниктік желісі арқылы телефон байланысына 4 мекеме ғимараты қосылған. Биылғы жылы жеке кәсіпкер «Е. Жунусов» арқылы, ауыл тұрғындары интернет желісімен толық қамтылды.

Сумен қамтамасыз ету

Ауызсу құбыры жер асты арқылы тартылған, ұзындығы –2,4 шақырым. Жалпы жұмыс істеп тұрған колонка саны – 8.

Биылғы жылы тамыз айында «Су мұнарасына», «Су сорғы станциясына» бактериологиялық тазалау қондырғысы орнатылып, тетіктері айырбасталды. 5 (бес) колонка жаңадан қойылып, 3 (үш) колонкаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмсалған қаржы – 9 044 млн. теңге.

Қоғамдық қауіпсіздік

Ауылдық округте жергілікті учаскелік полиция инспекторы болмауы себепті, қадағалау шараларын Терісаққан ауылдық округінің жергілікті учаскелік полиция инспекторы жүргізеді.