«Кененбай» көліне балық қалай келді?
Аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде «Кененбай» тоғаны бар. Бұл колхоз кезінде су жинап алу үшін жасалған бөгет. Колхозшылар тоғаннан арық тартып, егін суарған. Аманкелді кеңшары уақытында тоған қайта қалпына келтірілген. Ал, бүгін ше? Қазір сол тоған үлкен көлге айналды. О шеті мен бұ шеті 8-9 шақырымды алып жатыр. Айнадай жарқыраған мөлдір сулы көл. Жазғы маусымда бұл маңға келушілердің қатары көп. Тек ұлытаулықтар ғана емес, сыртқары аймақтардан демалушылардың саны артқан. Саялайтын, демалатын орындар баршылық. Саяхаттауға ыңғайлы, табиғаты əсем. Көлде балық та мол. Жағасында «Көкмайса» қонақ үйі бар. Ал, осы көлге балық қайдан келді? Шабақтарды əкелуге кім себепші болды? Соны білеміз бе? Менің ойымша, мұны өскелең ұрпақ білмеуі мүмкін. Бұл сауал төңірегіндегі əңгімені бізге Есенғали ƏБЖАМАЛОВ айтқан еді…
– Ол кезде Аманкелді кеңшарында қызметте едім. Бірде кеңшар директоры Əліпбек Бекетаев кабинетіне шақырды. Барсам, кабинетінде Бөлен Омаров отыр екен. Амандық-саулықтан соң, директор Бөкеңді нұсқап «Мына ағаң қаладағы балық шаруашылығының директоры Майлыбай Төлендинмен келісіп, «Кененбай» тоғанына балық жіберу керектігін айтып отыр. Сен осы ағаңның ойына алғанын орындауына көмектес» деді.
– Мен бұл бастаманы қолдай кеттім. Сол күні-ақ Бөкен екеуіміз Жезқазған қаласына жол тарттық, ешқайда бұрылмастан, Майлыбай Төлендинге барып, директор тапсырмасын орындадық. Көп ұзатпай, арнайы көлікпен балықтарды алып «Кененбай» көліне жеттік. Түс ауа екі мəрте көлге балық жібердік.
Біріншісі – сазан, екіншісі – алабұға шабақтары болды.
Сонда Бөкеңнің балаша қуанғаны əлі есімде. Көлге қарап тұрып: «Недегенмен, тамаша іс жасадық. «Кененбай» тоғанының балықтары халықтың несібесі болмақ. Ертең-ақ шабақтар өсіп, біздің ұрпақтарымызға жетеді. Қызығын ел көре жатар» деуі қазір ойлап отырсам, көрегенділік қой, – дейді Есенғали аға. Бөлен марқұмды тебірене еске алып.
Иə, шынында да Бөлен Омаровтың айтқаны келген сыңайлы. «Кененбай» көлі ел игілігіне айналды. Ол кісінің атқарған еңбегін халқы растап отыр. Көлге балық шабақтарын жіберіп қана қоймай, оған қамқорлық жасап, көлдің көркеюіне аянбай тер төккен екен. Қарап отырсақ, өзі үшін емес, келешек ұрпақ қамы үшін жасалған əрекет. Бұл өнеге кейінгі буын үшін үлкен үлгі болмақ.
Қайрат ЖҰМАБАЙ