Археологиялық зерттеулер жүргізілді  

Металлургия Еуразия аумағындағы барлық мəдениеттердің техникалық жетістіктерінің басты көрінісіне айналды. Ежелгі металлургияның қарқынды дамуының негізі болған мысты бай кендері Қазақстан үшін аса маңызды экологиялық фактор болды. Тау-кен металлургия орталықтарындағы тайпалар шаруашылығында металл өндірісі алдыңғы қатарға шықты.

Ғылыми-зерттеу тұрғыдан қазіргі кезде, ең қызықты нысандардың бірі Таранғұл археологиялық кешені болып табылады. Таранғұл кешені Ақтөбе облысының, Қарғалы ауданы, Қос-Естек ауылының қасында орналасқан. Бұл кешен 2019 жылы А.Х.Марғұлан атындағы археология институты қызметкерлерінің барлау жұмыстары кезінде анықталған еді. Кешенді түрде зерттеулер 2020 жылдары жүргізіле бастады. Таранғұл кешенінде металлургиялық қоныс орыны жəне одан шығысқа қарай 300м жерде отызға тарта тастан үйіндісінен тұратын қорымның орыны бар.

2021 жылы зерттеу жұмыстарына А.Х.Марғұлан атындағы археология институты ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Д.Байтілеу жетекшілігімен жүргізілді, сонымен қатар, қазба жұмыстарына «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының жəне «Жезді кентіндегі Мəкен Төрегелдин атындағы тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің» ғылыми қызметкері А.Ш.Искаков, Қ.Сəтпаев атындағы тарихи өндірістік музейі қызметкері А.Бермағанбетов қатысты.

Археологиялық қазба жұмыстарының нəтижесінде Таранғұл қоныс орнындағы өндірістік алаңда өте күрделі үш секциялық металлургиялық пештердің орыны анықталған еді. Бұл пештер Орталық Қазақстан, Ұлытау облысында орналасқан Талдысай қоныс орнындағы металлургиялық пештерге өте ұқсас келеді.

Талдысай кешендеріне ұқсас металлургиялық орындар ХХ ғ. 70-80 жж. М.Қадырбаев пен Ж. Курманқұлов зерттеген Солтүстік Бетбақдаладағы Атасу кешеніне кіретін (Атасу, Ақмұстафа, Ақмая, Мыржық) ескерткіштері де ашылғанеді. (Курманкулов Ж., Ермолаева А.С, Ержанова А.Е. Талдысай қонысы – көне металлургиялық ескерткіші. Алматы 2012)

Қазіргі уақытта Таранғұл металлургиялық қоныс орнындағы зерттеліп жатқан жылулық жүйелері жəне пештері бастапқы кезеңде тұр, сондықтан, кешенді түрдегі зерттеулер жаңа ғылыми жаңалықтар əкелетіні айқын.

Өндіріс алаңының батыс шұңқыр пешінің түтін шығатын құрылымының қасынан табылған орақ тəріздес құрал құюға арналған қалып, өте құнды жəдігерлердің бірі. Спектралдық трассологиялық анализдің нəтижесі бойынша, қалып туралы арнайы зерттеуді қажет ететін жəдігерлердің бірі.

Анализдер бойынша, оның орналасуы, пішіні, өлшемі, орақ дайындау үшін жасалған қалыптың формасы екені жəне Кундравин типологиясына келетінін айта кеткен жөн. Мұндай орақтардың таралған жері Оңтүстік Орал, сондай-ақ, Батыс Сібір Еділ аймағын қамтиды. Кундравин типіндегі орақтар Алакөл мəдениетімен тікелей байланысты, ал біздің зерттеп жатқан аймақ соның Қожамберді мəдени тобы.

Сондай-ақ, Таранғұл қоныс орнында көптеген керамикалық ыдыстардың бөлшектері табылды, оның ішінде ернеулері, бүйірлері жəне түп жақтары. Технологиялық анализдеріне қарай, табылған материалдар сақталу жағдайына қарай біраз ақпарат бергенімен, қыш ыдыстар жасау технологиясының бүкіл сатысы жағынан мағлұмат бермейді. Таранғұл қоныс орнынан табылған керамика ыдыстарының бөлшектері Қожамберді мəдениетіне сай келеді.

Анықталған археозоологиялық материалдар да сан-алуан, остеологиялық анализдер негізінде 2739 сүтқоректілер сүйектері табылды. Оның ішінде 8 құс сүйектері болса, 8 кеміргіштер сүйектері. Қысқаша айтқанда, Таранғұл қоныс орнындағы тайпалар табылған сүйектерге қарағанда ұсақ малдар жəне жылқы малының етімен қоректенген.

Жалпы айтқанда, Таранғүл кешеніндегі табылған материалдар көп болғанымен, нақты мерзімін жанама түрде бұл нысанның кейінгі қола дəуірінде жұмыс істегенін жəне Қожамберді мəдени тобымен тікелей байланысты екенін айта кетуге болады.

Қазақстан жəне Ресей ғалымдарының археологиялық зерттеу жұмыстарының нəтижесінде Орал-Мұғалжарда тау-кен металлургиялық орталығының болғандығын анықтап жəне айта кететіні мыс кеніштерінің аудандарында ескерткіштер, оның ішінде, Батыс Алакөл жəне Қожамберді мəдени топтары таралғандығын атап өтеді. (Еуразия даласы археологиясы V халықаралық конгресінің материалдары (Түркістан қ., 11–14 қазан 2022 ж.). 5 томдық. Алматы – Түркістан: Ə.Х. Марғұлан ат. Археология институты, 2022. 1 том. 119.б )

Таранғұл кешенін зерттеу саласында қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, ежелгі тау-кен нысандары жəне метал өндіру нысандары терең зерттеуді қажет етеді.

 

Айдар ШАРХАНҰЛЫ,

 «Ұлытау» ұлттық тарихимəдени жəне табиғи музей-қорығының жəне «Жезді кентіндегі Мəкен Төрегелдин атындағы тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің» аға ғылыми қызметкері.