МӘМС: ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді

Міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, əлеуметтік мəртебесіне, тұрғылықты жеріне жəне табыстарына қарамастан медициналық жəне дəрі-дəрмектік көмекте тең қолжетімділікке кепілдік береді. Тек басты талап – тұрғындардың МƏМС жүйесінде аударымдары мен жарналарының бар болуы шарт. Осы орайда малмен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы не болмақ деген сұрақтың туындауы заңдылық. Осы орайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өзекті сауалдарына «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Əлібек БЕРДІБЕКОВ жауап берді.

– Елімізде бірыңғай жиынтық төлем енгізілгелі бері тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмады деп сеніммен айтуға болады. Бірыңғай жиынтық төлемнің арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті медициналық сақтандыру, зейнетақы жəне əлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің толыққанды қатысушы бола алады, – деген филиал директоры БЖТ көлемі мен төлеу тəртібі туралы кеңінен тарқатты.

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізудің негізгі мақсаты – бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың кəсібін ресмилендіру жəне олардың əлеуметтік қорғау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету.

Бірыңғай жиынтық төлемді жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлері, отбасылық кəсіпорындардың ақы төленбейтін қызметкерлері жəне жыл сайынғы айналымы 1 175 АЕК-тен кем немесе жылына 4 053750 теңгеден кем, қызметкерлері жоқ кəсіпкерлер төлей алады. Басқа жағдайда, бұл төлемді пайдалануға болмайды. Ел аумағында тұрақты тұратындарды жəне оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да жарналарды төлеушілер бола алмайды.

Салық кодексінің 775-бабына сəйкес БЖТ есептеу жəне төлеу тəртібі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізінде белгіленеді. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қала тұрғындары 1 АЕК, ауыл тұрғындары 0,5 АЕК мөлшерінде бірыңғай жиынтық төлем төлейді. 2023 жылы 1 АЕК 3450 теңгеге тең. Тиісінше, ауылда бұл сома 1725 теңгені құрайды. Бұл ретте сома зейнетақы жинақтарына – 30%, медициналық сақтандыруға қорына – 40%, əлеуметтік сақтандыру қорына – 20%, табыс салығын төлеуге – 10% бөлінеді.

Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге соңғы айларда, соның ішінде ағымдағы айларда үш реткі уақтылы төлемнің болуы жеткілікті. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін сақтандырылу мəртебесі төленген айдың соңғы күніне дейін əрекет ететіндігін еске салу қажет. Мысалы, егер МƏМС үшін төлем ақпан айында болса, онда 1 – наурыздан бастап егер БЖТ кезекті төлемін жасамасаңыз, адам сақтандырылмайды. Егер ағымдағы кезеңде немесе алдын ала төлем болмаса, мəртебе жоғалады жəне оны қалпына келтіру үшін БЖТ-да үшінші бірізді төлемінің басталуын қайтадан күтуге тура келеді Сондықтан, МƏМС жүйесінде сақтандыру мəртебесін жоғалтпау үшін БЖТ төлеушілерге өз төлемдерін алдын ала жасауға кеңес береміз.

Төлемді екінші деңгейлі банктер жəне олардың мобильді қосымшалары, «Халық банкі» терминалдары, KASSA 24, QIWI, медициналық мекемелердегі жедел төлем терминалдары, «Қазпошта» АҚ филиалдары, Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады. Төлемді тағайындау коды – 183.

Кепілдендірілген медициналық көмектің үстіне, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілері амбулаторлық-медициналық қызметтерді (бейінді маманның кеңестері), диагностика, оңалту жəне стационарда жоспарлы емделу менлабораториялық қызмет түрлері жəне рецептпен берілетін дəрі-дəрмек қызметтерді алады.

Егер сіз БЖТ-ны жыл басынан бастап үзіліссіз ай сайын төлесеңіз, бірақ сізде «сақтандырылмаған» мəртебесі болса, Халыққа қызмет көрсету орталығында («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы) төлем өткендігін нақтылау қажет. Көбінесе жарналар төлеу кезінде қате көрсетілген деректер себеп болады. Болмаса, Əлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығына жүгінуіңіз немесе өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдауыңыз немесе Жезқазған қаласы, Ғ.Омаров көшесі 7 мекенжайындағы қордың филиалына жүгінуіңіз қажет.

Өз тілшімізден.