МӘМС: оңалту қолжетімді

Міндетті әлеуметтік медициналық жүйесін енгізу балалар ден­сау­лығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Қаржы көлемінің жыл сайын артуы елімізде жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін болды. 2018 жылы Светлана Пактың құрылтайшылық етуімен көпбейінді аурухана жанынан 30 балаға шақталып ашылған “АураМед” ЖШС бүгінде МӘМС жүйесі шеңберінде төсек санын 45-ке көбейтіп,  Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ерекше балаларға шарапатын тигізуде.

Мұнда церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балалар оңалтудан өтеді. Орталық түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтерін ұсынады.

Алғашында неврологиялық бағыт бойынша жұмысын бастаған «АураМед» балалар оңалту орталығында қазір нейрохирургия, травматология мен ортопедиялық бағытта да ем-дом көрсетілді. Бас дәрігері – Денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары санатты дәрігер Бақыт Жидебайқызы Досжанова медициналық сақтандыру енгізілгелі оңалту орталықтарына деген сұраныстың айтарлықтай артқанын айтады.

–2020 жылы 559, 2021 жылы 516 бала оңалту бағдарламасынан өтсе, өткен жылы 510 кішкентай пациент ем қабылдады.  Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалымен 183 млн теңгеге келісімшарт жасастық, – деді де орталық ұжымы  баланы неғұрлым кішкентай кезінен оңалтудан өткізу және терапия түрлері бойынша   Германия, Польша және Ресей ғалымдарының іс-тәжірибесін меңгеріп, іс жүзінде сәтті қолданып жүргенін жеткізді.

Айта кету керек, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен сақтандырылған. Олар МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық спектрін тегін алуға құқылы. Соның ішінде медициналық оңалту да бар. Бұрын ата-аналар балаларын порталға қойып, оңалтудан өту үшін кезегін айлап күтетінін алға тартқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Әлібек  Бердыбеков қазір пациенттер оңалту қызметтерін көрсететін мекемені өздігінен таңдап, тіркелген емханасындағы учаскелік дәрігердің жолдамасымен баратынын айтты. Жолдаманы пациенттің құжаттары толық дайын болғанда, учаскелік дәрігер  жоспарлы түрде күндізгі стационарға «емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ресімдейді. Әрі қарай Оңалту орталығы стационарға жатқызу күнін растайды. Қабылдау күні пациент және оны күтіп-қарайтын адам Оңалту орталығына қажетті талдаулармен және құжаттар тізбесімен келеді, орталық әкімшісінде тіркеуден өтеді.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Ұлытау облысында 890 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, оның 229-ы БЦП (ДЦП) ауруына шалдыққан.

Өз тілшімізден.