Діни оңалту – күрделі процесс
Қазіргі уақытта қоғамда қордаланған мəселенің бірі – дін саласында зардап шеккен адамдарды оңалту. Əр облыс пен ірі қалаларда бұл жұмыспен негізінен арнайы оңалту орталықтары айналысуда. Аталған орталықтардағы теолог мамандар адасушы ағымның айтағына еріп, өмірде адасқан жандармен тікелей жұмыс істейді. Оларға теологиялық дəрістер өтіп, Қазақстанның заңдарын түсіндіріп, психолог мамандар көмек береді.
Мешіт қызметкерлері мен имамдар да бұл істе шеттеп қалып отырған жоқ. Себебі адасушы ағымдар жетегіне көбіне діни білімі таяз адамдар ілігуде. Осы орайда мешіттердегі діни оңалту жұмыстары қалай жүргізілетіні жəне оңалту барысында нені ескеру керектігіне арнайы тоқталуды жөн көрдік.
Ағарту бағыты
Діни оңалту жұмыстарында алдымен адамның сауатын арттыруға көңіл бөлу керек. Себебі адасу сауатсыздықтан туындайды. Дініміздегі ең алғашқы бұйрық: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» болғаны баршаға мəлім. Құранның тағы бір аятында: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп, білімсіздер мен білімділердің теңесе алмайтынын ұғындырады.
Ислам діні «тал бесіктен жер бесікке дейін» білім ізденуге шақырады. Сондықтан деструктивті ағымға ергендерге тек теологиялық дəрістер өтіп қана қоймай, мұндай келеңсіздіктердің болмауы үшін ағартушылық, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарға көңіл бөліп, оларды көзсіз еліктеушіліктен сақтандыру керек.
Айталық, медресе-колледждер қатарын молайту, Құран жаттайтын, араб тілін үйрететін орталықтар ашу, діни сауат ашу үшін дұрыс бағыттағы брошюралар тарату, шағын кітапшалар шығару, хадистер, пəтуалар, уағыздардан қысқаметражды видеолар дайындау, қайырымдылық шараларын жиі жасау, діни біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру.
Бұған қоса, «Дін – насихат» деп хадисте ескертілгендей, дұрыс бағыттағы дін насихатын күшейту, кадр жетілдіру, шəкірттер қатарын көбейту қажет. Міне, ағарту бағытында осындай кешенді жұмыстар жасалғаны жөн.
Дін мен дəстүр
Оңалту жұмыстары барысында өз қағынан жерініп, өзінің дəстүрлі мəдениетін жатсынып, салтын жатырқағандарға дініміз мен дəстүріміздің арасы сəулелі сабақтастық бар екенін түсіндіруіміз керек.
Жас келіннің сəлем салуының астарында қаншама игілікті мұрат жатыр? Келін жаңа келген ортаға ізет, ибасымен жағады. Ол «Кім үлкенге құрмет танытпаса, кішіні қорсынса, бізден емес» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) хадисіне сəйкес үлкен кісінің алдын қия баспай, көрген жерде иіліп сəлем салады. Ізет-құрметінен жаңылмаған келінді көрген үлкендер жағы «Бақытты бол, айналайын!», «Ұл тап!», «Өркенің өссін!», «Дегеніңе жет!» деген секілді баталы тілегін жаудырады. «Батаменен ер көгерер» дегендей, осындай жақсы сөздерді, бата-тілектерді келін қайтіп жаман болады? Қайта жүрегіне ізгілік ұяламай ма? Туыстардың сыйластығына да сеп болады. Бұл «Тек жақсы сөз айтыңдар» деген аятқа амал ету емес пе?
Үлкеннің батасына қол жаймау, жеті шелпекке қырын қарау жергілікті діни танымнан алшақ кетуді білдіреді. Ендеше, мұндай əдемі салттарды жоққа шығарғандар не ұтпақ? Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның жұмыс бағыттары аясында дін мен дəстүр ұштастығына мəн беріп, Діни басқарма жанынан Діни оңалту бөлімін ашу арқылы бұл бағытты назарынан тыс қалдырмайды. Яғни республика көлемінде осы іске білімді, білікті кадрлар жұмылдырылып отыр. Сондықтан оңалту жұмыстарында ұлттық сана, қазақ мəдениеті мен тарихы, ұлттық код туралы жиі дəріптелгені абзал.
Желідегі белсенділік
Бүгінгідей ақпарат тасқыны алға озған кезеңде мешіт қызметкерлерінің жан-жақты болғаны артық етпейді. Болып жатқан мəселелерге біржақты қарау дұрыс байлам жасауға жеткіліксіз. Бүгінде интернет, соның ішінде əлеуметтік желілер арқылы адастырушылардың қармағына түсіп жатқандар аз емес. Сол себепті əлеуметтік желілерде белсенділікті барынша арттыру қажет. Арнайы парақшалар ашып, адастырушы діни түсініктер үнемі əшкереленіп, дəстүрлі діни таным көбірек насихатталғаны жөн. Ақ пен қараны, дұрыс пен бұрыстың аражігін ашып көрсетіп, жұртшылықтың діни сауатын арттыруға күш салу керек.
Əрине бұл бағытта Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей тапсырмасымен ҚМДБ жанына ашылған Ақпарат жəне қоғаммен байланыс бөлімі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, медиа саласына басымдық берілді, «MUNARA TV» телеарнасы іске қосылды. Одан бөлек ҚМДБ-ға қарасты əр облыс мешіттерінің жеке сайттары мен əлеуметтік желілердегі парақшалары ашылды.
Атап айтар болсақ, бір ғана Атырау облысында өңірдегі өкілдіктің əлеуметтік желілердегі парақшаларына 400 мыңға жуық адам тіркеліп, дұрыс діни таным қалыптастырып, пайдалы ақпараттар алып жатыр.
Қазақтың мұсылмандығы
Қазақ халқының тілдік қорында «Əлімсақтан бері мұсылманмын» деген сөз бар. Бұл – өте терең түсінік. Түркі даласынан шыққан мұсылман ойшылдарының адамзат өркениеті мен ғылымға қосқан үлесі аз емес. Меккеде мешіт салдырған Құнанбайдан тараған Абайдың мұрасын терең зерделей түсу керек. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», «Күндіз-түні ойымда бірақ Тəңірі, Өзіне ғашық қылған оның əмірі» деген сөздері – адасушылар айтып жүргендей қазақ халқының діни танымы таяз болмағанының дəлелі.
Сол себепті оңалту жұмыстарында «қазақ зиялылары дінді білмеген» деген шолақ түсініктерге нақты, тұщымды жауаптар берілуі тиіс. Діннен зардап шеккендерді оңалту жұмыстарын жандандырып, мазмұнын тереңдетіп, ауқымын кеңейте түскенде ғана одан оң нəтиже күте аламыз.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысы орталық мешітінің Бас имамы.