Егемендігіміз ең алғаш осы күні жарияланды
Көзі қарақты жан əлі ұмыта қойған жоқ, сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағының құрсауы шытынап, қабырғасы қақырай бастаған кезеңін. Міне, сол алмағайып тұста, яғни, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғары кеңесінің №307-ХІІ Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі туралы Декларация қабылданды.
Декларация Қазақстанның тəуелсіз ел ретінде егемендігі мен саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Сол құжатта алғаш рет Қазақстанның саяси-құқықтық тəуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Онда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының жəне Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мəдениетін, дəстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу əрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын барлық іс-əрекеттің заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, əлеуметтік, ұлттық-мəдени, оның əкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мəселелерді ешкімнің араласуынсыз дербес шешетіні паш етілді. Сол кезден Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді.
Əрине, ол уақытта КСРО құрамындағы бодандық қамытынан айырыла қоймаған 15 елдің бірі болдық. Десек те, егемен елміз дегеннің өзі бұрын болмаған жаңалық еді. Сондықтан, оны халық жақсы қабылдады. Қабылданған декларациядағы сөздер жанымызды серпілтіп тастады. Енді, көп нəрсені Мəскеу емес, Алматыдан шешеміз деп ойладық. Соның өзі неге тұрады? Декларацияны оқыған кейбір жандардың көзі ашық, көкірегі ояу адамдардан: «Енді не болады? Одақтан бөлінеміз бе? Жеке мемлекет боламыз ба?», деп сұрап жүргендері есімде.
Əрине, ол уақытта осындай сөздер айтылғанымен, тəуелсіздігімізді 1991 жылы жариялайтынымызды білген жоқпыз.
Тəуелсіздік алғаннан соң Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы «Қазақстан Республикасының мерекелік күндері туралы» Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді. Алайда, 2001 жылғы 13 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, онда 25 қазан мемлекеттік мереке ретінде аталып, тойланып жүрді. Бірақ, 2009 жылы 22 сəуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңына өзгерістер енгізіп, қол қойып, Республика күнін мерекелер қатарынан алып тастады.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында Республика күніне Ұлттық мереке мəртебесін қайтаруды ұсынды. 2022 жылғы 29 қыркүйекте Президентіміз «Қазақстан Республикасының кинематография, мəдениет жəне мерекелерге қатысты кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, Республика күніне Ұлттық мереке статусын қайтарды. Көп ұзамай парламент ол заңды қабылдады. Осыған сəйкес, 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні ретінде тойланады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, бұдан былай бодандық қамытынан құтылу үшін күреске зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді дегенін қолдаймын.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ