Сафуан ЖАНПЕЙІСОВ, Облыстық полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары: «Тергеу ісі де электронды форматта болады»
Цифрландыру – жаһандық үрдіс. Бұл үрдістен бəсекеге қабілетті экономиканы дамытуды жəне халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Қазақстан да осы елдердің қатарында. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын енгізді. Аталмыш бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады. Жуырда біз Ұлытау облыстық полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Сафуан ЖАМПЕЙІСОВКЕ жолығып, құқық қорғау саласы, оның ішінде тергеу ісінің қолжетімділігі, оны электрондық форматқа көшіру жайлы туралы əңгімелескен едік.
– Сафуан Əшмұханұлы, əуелі сізді жаңа облысқа қызметке келуіңізбен құттықтап қойсақ.
– Рахмет. Мен өзі нешінші рет қызмет бабымен қоныс аударғанымды ұмытып қалдым-ау деймін. Бұған дейін Қостанайда, Оралда, Астана мен Қарағандыда тергеу саласында қызметтер атқардым. Енді, міне, дəм жазып Ұлытау өңіріне де келіп отырмын. Əрине, жаңа өңірде, оның үстіне жаңадан құрылып жатқан облыста жұмыс та ауқымды. Осы сəтті пайдаланып, біз жұмысымызды да жаңаша бастауға ниет жасап жатырмыз. Ең бастысы жəбірленушімен, арыз-шағым жазған жандармен арада байланысты жаңаша ұйымдастыруға күш салудамыз. Яғни, кері байланысты дамытпақпыз…
– Сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын. Əлгінде өзіңіз айтқан «кері байланысты жандандырудың» бірден-бір жолы тергеу ісін цифрландыру ғой. Жалпы, құқық қорғау саласын, оның ішінде өзіңіз басқаратын тергеу саласын электрондық форматқа көшіру жоспарда бар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында құқық қорғау органдары мен соттарды цифрландыру көзделген. Қылмыстық, азаматтық істер жəне əкімшілік құқықбұзушылық туралы істер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшіріледі. Бұл іс біздің тергеу саласына да қатысты болмақ. Азаматтардың құқықтарын қорғау жəне жылдам əділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында қылмыстық сот ісін жүргізу, тергеу жұмыстары кезең-кезеңмен электрондық форматқа көшіру жүргізілуде.
– Осыны ұғынықты тілде талдап айтып бересіз бе?
– Əрине, кез келген тергеу жұмысы электрондық форматта жүргізіледі. Əр тергеуші жəбірленушінің арызын, шағымын, тергеуге қажетті жауаптарын компьютер арқылы жазып алады. Бəрін жазып болған соң жауап алушыға оқытады. Сосын «электрондық қалам» арқылы «менің сөзім бойынша жазылды» деп жаздырып, қол қойдырады. Шағымданушы тарапынан ешқандай өзгерту, түзету болмаса тергеуші «ОК» түймесін басып, шағымды, арызды болмаса тергеу бойынша жауапты электрондық базаға жібереді.
– Шағымданушы өзінің бұл құжатының келешек тағдырын қалай біліп отырады. Бұрынғыдай тергеушіге телефон шалып, телміріп жүре ме? Əлде…
– Қазіргі қоғамда жаңа технологияларды қолданбай кез келген саланы жетілдіру мүмкін емес. Ақпараттандыру ғасыры барлық салалардың жұмысындағы тетіктерді өзгертуді талап етеді жəне қылмыстық процессте осыны қажет етеді.
Бұған дейін көптеген жылдар бойы қолданылған əдістер қазіргі уақытта процесті қиындатады, ал ең бастысы – қоғамның талаптарына сай келмейді. Артық бюрократиялық рəсімдерге, созбалаңға ұшыраса, адамдар əділ наразылықты білдіреді. Осы жұмыс шеңберінде 5 өзара байланысты құрамнан тұратын «электрондық іс» енгізілуде: азаматтардың электрондық өтініштері, субъектілер мен тексеру объектілерінің бірыңғай тізілімі, əкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі, электрондық қылмыстық іс, талдау орталығы.
Міне, осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілгенде шағымданушы мен тергеуші арасында да түсінбеушіліктер болмайды деп айта аламын. Өйткені, тергеуші үш жұмыс күні ішінде шағымданушыға, жəбірленушіге электрондық форматта оның ісінің қалай жүргізіліп жатқанын жазып жібереді. Ол шағым иесіне ватсап желісі арқылы келіп түсетін болады.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін кейбір істер қысқартылып, оның нəтижесі жəбірленушіге уақытылы жетпей жатқан кездер көп болды. Енді ондай жағдай болмайды. Мен өз тергеушілеріме талап қойып, белгілі кесте бойынша арыз берушімен, жəбірленушімен кері байланыс орнатып тұруды тапсырдым. Олар іс əбден сотқа берілгенге дейінгі арадағы процестердің барлық деңгейін иесіне хабарлап отырады. Бір сөзбен айтқанда тергеу ісі де қолжетімді болады.
– Жақсы бастама екен. Жалпы, осы құқық қорғау саласын цифрландыру қашан қолға алынды? Мұның сіз айтқаннан басқа қандай пайдасы бар?
– Цифрландыру қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету, құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету жəне қылмысқа қарсы пəрменді күресті қамтамасыз ету үшін пəрменді шара болып табылады жəне қылмыстық процестің барлық сатыларын – қылмыстық істерді тіркеуден, тергеп-тексеруден үкімді орындағанға дейін қамтуға тиіс.
Қойылған мақсатты іске асырудың белгілі бір нəтижелері бар. 2011-2012 жылдары Қазақстанда қылмыстар туралы барлық өтініштер мен хабарламаларды электрондық тіркеу енгізілді, ал 2015 жылдан бастап сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі іске қосылды. Бүгін оған тіркелу сотқа дейінгі тергеудің басталуы болып табылады.
Келесі кезең электрондық қылмыстық іс болып табылады. Істерді тергеудің осындай форматының артықшылықтары даусыз, бұл оңтайландыру, дəлелдемелерді жинау жəне іс жүргізу құжаттарын жасау рəсімдерін оңайлату, сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендету, прокурорлық жəне сот бақылауын күшейту.
Бүгін қылмыстық қудалау органдары істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді электрондық форматта жүзеге асырады, қылмыстық қудалау органдарын техникалық жарақтандыру жəне қызметкерлерді оқыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.