Сарысулықтар тұщы су ішуде
Сарысу селолық округінде су мəселесінің көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл болған еді. Тұрғындар бірде ауыз судың тапшылығын айтып шағымданса, енді бірде беріліп отырған судың кермек дəмі бар екенін айтатын. Жуырда осы мəселе түбегейлі шешілді. Ауылға заманауи су тұшытқыш кешен қойылды.
Сарысу ауылы кешегі заманда өзі аттас үлкен өзеннің аңғарында отырса да су тапшылығын əбден көрген елді мекен. Өңірде жерасты су бар деседі. Бірақ, оның қорын һəм сапасын əзірге зерттеу мүмкін болмай тұр. Сондықтан су мамандары ауыл іргесінен табылған суды ауылға жеткізіп, елдің игілігіне берген. Алайда, судың кермек дəмі бар. «Ащы су ағзаға да зиян» десіп ел алаң күйде еді. Енді міне, сол алаңдаушылықтың ауылы артта қалатын сыңайлы. Өйткені, жуырда ауылдың орталығына, нақтырақ айтсақ, Сəтбаев көшесіне су тұшытатын заманауи қондырғысы бар контейнер орнатылды.
– Бұл кешен аудандық бюджеттің қаржысына алынды. Оны тендерден ұтып алған Шымкенттің «Керуен» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орнатты. Қазір кешен қалыпты жұмыс істеп, ауыл тұрғындары тұщы су ішіп отыр, – дейді Сарысу ауыл дық округінің əкімі Сəтжан Құрманбаев.
Ауыл əкімінің айтуынша, су тұшытқыш кешеннің жұмыс істеу қуаты 24 сағатқа негізделген. Ол бір сағатта 1,5 текше метр су тұшыта алады.
Алайда, ауылға су таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін беріледі екен. Мұны ауыл əкімі біріншіден судың босқа ысырап болмауы, екіншіден құрылғыны бей-берекет қоса бермеу үшін жасадық деп түсіндіреді. Бұл шешім ауыл тұрғындарымен келісіліп жасалынған.
– Орайы келгенде айта кетейін, су тұшытқыш құрылғы толығымен автоматтандырылған. Оған арнайы маман қажет емес. Тек уақытылы қосып, сөндіруді ауыл кеңсесінің күзетшісіне жүктедік, – дейді округ əкімі бізбен əңгімесінде.