Аппарат кеңесінде өзекті мәселелер талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы жиналғандарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы айтып берді.
Қ.Мұтаевтың айтуынша биыл Ұлытау облысында «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы басталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 570 млн теңге бөлінеді. Сонымен қатар, аппараттық кеңесте аталған бағдарлама бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстарға қосымша 1 млрд теңге бөлетінін атап өтті. Ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікті қарыздар алуға, сондай-ақ кооперативтер құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуға үміткер бола алады. Қ.Мұтаевтың хабарлауынша, пилоттық жобаға Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылдық округі, Жаңаарқа кенті, сондай-ақ Ұлытау ауданының Егінді, Мибұлақ және Шеңбер ауылдық округтері қатысады. Төрт округте кооперативтер жұмыс істейді, Шеңбер ауылдық округінде ол құрылу үстінде.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, осы тізімге Жезқазған қаласының Талап ауылдық округін қосуды тапсырды. Облыс әкімі өсімдік шаруашылығына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Өтінімдерді қабылдауды ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастау жоспарлануда. «Ұлытау» ӘКК мен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына республикалық бағдарламаның әр жобасын сүйемелдеу тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе жылыту маусымының өтуіне қатысты болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов баяндады.
Бүгінгі таңда барлық көпқабатты үйлер мен әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандарда қажетті температуралық режим сақталуда. Жезқазған ЖЭО қарамағында 92 146 тонна көмір (19 күндік қор) және 1 812 тонна мазут (90 күндік қор) бар. Сәтбаев қаласында 26 704 тонна көмір бар (10 күндік қор). Отын жеткізу мәселесін мамандар күн сайын бақылауда.
Активке жолдарды қысқы күтіп ұстау туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ж.Бегаев айтып берді.
Біздің облыста жолдарды ұстаумен 15 ұйым айналысатыны атап өтілді. Олар барлығы 147 арнайы техниканы және 228 адамды пайдаланады. Өңірдің автомобиль жолдарында ұзындығы 29 км болатын 57 қарлы учаске анықталды.
Мердігер ұйымдар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау кезеңінде жүріс бөлігін тазарту, көктайғақ пен қар үйінділеріне қарсы күрес, қосымша жол белгілері мен қардан қорғау қоршауларын орнату, жолдардың қауіпті учаскелерін патрульдеу, сондай-ақ көлік құралдарының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Берік Әбдіғалиұлы өз кезегінде жауапты тұлғалар мен ұйымдарға қардың уақтылы тазалануын және өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық туғызбауын қамтамасыз етуді тапсырды.