COVID-19 ауруларды қоздырады

Індетпен арпалысып өмір сүргелі де екі жылға жуықтап қалыпты. Осы уақыт ішінде қаншама адам аурудан жазылып шықты, дегенмен, оның салдарымен күресуге көп күш жұмсауға тура келуде. Нұр-Сұлтан қаласы Universitical Medical Center корпоративтік қорының республикалық диагностикалық орталығындағы мамандар SARS-CoV-2 вирусының адам ағзасының қай тұсында осалдық бар екенін жазбай табатынын айтады.

Біреудің жүрегі әлсіз болса, біреудің жүйке жүйесі осал, ал тағы біреудің тыныс алу, зәр шығару, асқазан-ішек құрылысы, сусамыры, қалқанша безі вирусқа қарсы тұра алмайды. Қысқасы не керек, бұл вирус ұйықтап жатқан небір дерттерді, онкоауруларды, тіпті пәленбай жыл бар-жоғы белгісіз болып келген әлдебір генетикалық ақауды оятып, адамның аяғын әлтек-тәлтек бастырып жібереді. Пациент жазылып шыққаннан кейін оның ағзасына коронавирустың тигізетін әсерімен күреспесе болмайды. Адамдардың мән бермей, кейін өздігінен қалпына келер деген үміттері ақталмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралып, ауру меңдеп, тереңдеп кетпеуінің алдын алған абзал. Қош, сонымен дәрігерлерге кезек берейік. COVID-19 ауыр немесе жеңіл өткеніне қарамастан оның салдарынан аутоиммунды аурулар қатары көбейіп кеткенін атап өтті. Ал бұрыннан мұндай аурулары бар пациенттер үшін SARS-CoV-2 жұқтырудың қаупі өзгелерге қарағанда ауырырақ жүреді. Оның үстіне ревматологта есепте тұратын пациенттердің аутоиммунды ауруынан өзге қосымша артериялы гипертония, жүрек аурулары, сусамыр, бронх аурулары, демікпе, тағы сол сияқты диагноздары болуы заңды дүние. Осы аурудың қай-қайсысының да жеке болуының өзі ағзаға үлкен жүк артады, ал біздің пациентімізге COVID-19 жұққанда жағдайдың қаншалықты ауыр болатынын осыдан-ақ өзіңіз бағамдай беріңіз.

«Ұлытау аудандық санитарлықэпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ.