Сапта тұрған сұлу қыз
Бүгінде облысымызда полиция қатарында алты мыңға жуық азамат еңбек етуде. Соның 25 пайызға жуығы нәзікжанды арулар. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында, оқырмандардың назарына қауіпсіздік пен тыныштық күзетінде жүріп, халықтың құқығы мен бостандығын қорғауда алдыңғы сапта көрінетін, қатаң тәртіпте қызмет етсе де, өзінің нәзіктігі әрі жұмсақ жүректілігін сақтай білген полиция қатарындағы ару жайлы болмақ. Абыройлы міндет атқарып жүрген сондай сұлулардың бірі – Ұлытау аудандық Полиция бөлімі АжБТ технигі, полиция кіші сержанты МАДИНА ШЕРМҰХАМБЕТ.
Мадина Ерланқызын көрген жандар оны полиция қызметкері деп ойламайды. Табиғатынан дарыған нәзіктігі, биязылығы оны қатаң тәртіппен байланысып тұратын полиция қызметіне қимайтын секілді. Құқық қорғау саласы – жауапкершілігі жоғары, күрделі сала. Әсіресе, бала тәрбиесі мен өз ұясының ұйтқысы болуға жаратылған қыз баласы үшін. Алайда, біздің бүгінгі кейіпкеріміз полицей болуды бала күнгі арманым дейді.
- Мен полицейлер әулетінде тәрбиелендім. Атам мен әкем құқық қорғау саласында талай жыл еңбек еткен. Темірдей тәртіп пен қызметке адалдықты отбасымнан бойыма сіңірдім десем артық айтқаным емес. Бұл салаға келуіме отбасым басында қарсылық танытқанымен, кейін таңдауымды қолдады. Қандай мамандықты таңдаса да, әр адам үшін бұл өте маңызды қадам. Өйткені мамандық таңдау – жүрек қалауы. Жүрек қалауымен таңдалған сенімді қадам – биік шыңдарға жетелері анық, – дейді кіші сержант аруымыз.
Оқуды аяқтап, сапқа тұрғанына жарты жылдан енді асса да Мадина Ерланқызы қызметке деген адалдығын барынша көрсетіп-ақ жүр. Нәзікпін деп тартынбайды, арумын деп назданбайды. Тәртіп ортақ. Мүдде бір. Ер азаматтармен иық тіресе жүріп қызмет етуді талап етеді.
- Менің бала кездегі арманым орындалды. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме менің табандылығым мен қайсар мінезім себепкер болды. Ер азаматқа тән мінезім де бар секілді. Екі сөйлегенді жек көремін. Тәртіпке бағынғандардың, шынайы болғандардың жағындамын. Болашағымды басқа саламен байланыстыра алмайтын сияқтымын. Құқық қорғау қызметі – менің таңдауым. Елге адал қызмет етіп, қызметте абыройлы болу – басты мақсатым, – дейді жас маман.
Міне, тағы да нұрын шашып таң атты. Алда жаңа күн, жаңа тапсырмалар. Оның қызығы мен шыжығы бір тәулікке дейін созылатынын біледі. Уақытпен санаспай елге қызмет етуге асығып бара жатқан полицей-қыз биік белесінің алда екенін жақсы сезеді.