Алғыс айту күні – татулық айғағы
1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіздік Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Әрі бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.
Осыған орай, ауданда ел бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мейрам – Алғыс айту күні өз деңгейінде аталып өтті. Мерекеге арналып дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, мекеме, бөлім басшылары, қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кеште алғашқылардың бірі болып, сөз алған аудан әкімінің орынбасары жиналғандарды – Алғыс айту күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан кейін еңбек ардагері Шәрипа Құсайынова мен Ұлытау аудандық орталық мешітінің бас имамы Жанболат Рақымбердиев мереке тарихына тоқталып, жиналғандарға толығырақ мағлұмат берді. Сөз соңында барлығы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Шара барысында мектеп оқушылары мерекелік өлең шумақтарын оқып, ән-шашуларын тарту етті.
Жасұлан АЯШЕВ