Бақұл бол, Ұлытауға ұқсап туған Ұлт ұланы!
Кенжеболат Махмұтұлы ЖОЛДЫБАЙ
Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы, қазақ журналистикасының, жалпы медиакеңістіктің майталманы, «Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, Бас редакторлар клубының вице-президенті, Ұлы Дала Ұлытауының төл перзенті Кенжеболат Жолдыбай 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Кенжеболат Махмұтұлы 1951 жылы Қарағанды облысы, Жезді кентінде дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін тәмамдаған.
Ол – Ұлытау-Жезқазған өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде айшықты қолтаңбасын қалдырған қайраткер тұлға. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жүргенде мемлекеттік қызметкердің шынайы ұстанымы қандай болуы керек екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Кейін республикалық деңгейдегі қызметтерді атқарғанда да білікті маман, іскер ұйымдастырушы, парасат-пайымы мол азамат ретінде танылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасы бастығы, «Казахстанская правда» республикалық газеті Бас редакторының орынбасары, «Заң» АК» АҚ Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігі бас директоры, «Еуразия + ОРТ» ЖШС бас директорының кеңесшісі лауазымдарында абыройлы еңбек етті. Оның басшылығымен республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі масс-медиа қауымдастығы мойындайтын маңызды азаматтық институтқа айналды.
Кенжеболат Жолдыбай – отандық БАҚ-ты қолдауға, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың авторы әрі жүзеге асырушысы. Бірнеше публицистикалық кітаптардың авторы.
Ол үнемі мемлекеттік саясатты насихаттауға, билік және БАҚ арасында тиімді қарым-қатынас орнатуға, БАҚ-қа қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, Кеден одағы шеңберінде атқарылып жатқан интеграциялық үрдістерге қолдау көрсету шараларына мұрындық болды. Журналистер қызметін қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар берді.
Бойындағы бар білімі, тәжірибесі мен күш-жігерін елдің медиакеңістігін дамытуға арнады.
Ол – елге сіңірген ерен еңбегі лайықты бағасын алған азамат. Омырауына «Құрмет» орденін тақты, БАҚ-ты дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің Алғысын алды. ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен БҒМ «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, көптеген мерекелік медальдардың иегері. ҚР Парламенті Сенатының, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік пен ҚХА Алғыс хаттарымен, бірнеше министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Асылтекті азамат Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Әлеуметтік желілердегі сараптамалық ойлары, БАҚ беттеріндегі байыпты толғамдары оқырманды тәнті ететін. Оның мақалалары кейінгі жылдары аудандық «Ұлытау» газетінде, ulytaynews.kz сайтында тұрақты түрде жарияланып тұрды.
Ұлытауын жан-тәнімен сүйіп, ардақ тұтқан аяулы тұлғаның салиқалы істері, есімі мен жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Жаны жайсаң азаматтың иманы кәміл, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!..
С.Медебаев, А.Мырзабеков, М.Оспанов, Ж.Бегаев, А.Қайырбек,
Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов,
Е.Әбжамалов, Ж.Әшенов, М.Мәткенов, А.Құрмансейітов.