950 тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылды
Ұлытау ауданында көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығы аясындағы жұмыстар жүйелі негізде әрі пәрменді түрде жүргізілуде. Мүлтіксіз орындалуын аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ тікелей өз қадағалуына алған жоспарлы жұмыстар жалпы қауымды нәтижелі көрсеткіштерімен қуантып отыр. Мәселен, Қаракеңгір ауылдық округінің орталығынан 950 тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылды.
Осы ретте жергілікті әкімдіктің игі бастамасын тұрғындар толық қолдап, ортақ мүдделі іске тізе қоса, білек сыбана кіріскенін айрықша атап өткен жөн. Бір мүдде жолында бәтуаласу – жетістік жолы екендігі айтпаса да түсінікті. Елдің ымыра-бірлігінің арқасында ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстары тиянақты атқарылды.
-Жұмысты іркіліссіз жүргізу үшін халықтың өз қаражаты есбінен аудан орталығынан жекеменшік иелігіндегі «КамАЗ» жүк көлігі мен жүктиегіш техника жалға алынды, – дейді бұл туралы ауылдық округ әкімі Жалғас Төре. – Ауылдағы 82 үйдің маңайы қыстай жиналған малдың қиы, күл мен тұрмыстық қатты қоқыстардан тазарып, тап-тұйнақтай күйге енді. Әр рейс үшін қызмет көрсетуші тарапқа 6 000 теңгеден төленді. Ағаштардың түбін әктеу, көше бойларын тазалау, әркімнің өз үйлерінің шарбақтарын жөндеуі секілді жұмыстар әлі де жалғаса береді.
Өз тілшімізден.
ҚАРАКЕҢГІР ауылы.