Берік Әбдіғалиұлы су тасқыны кезеңіне дайындық барысын тексерді

Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Төтенше жағдайлар жөніндегі облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов, ТЖ департаментінің бастығы Е.Байыров және басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері облыстың ірі елді мекендері аумағындағы су тасқыны жағдайына аэровизуалды тексеру жүргізді. Тексеру барысында Жезқазған, Қаражал қалалары маңындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде және Жаңаарқа ауданындағы шалғай су қоймаларының ахуалы әуеден бақыланды. 
Аэровизуалды бақылаудан кейін аймақ басшысы  Қаражал қаласына келіп, төтенше жағдайды болдырмау жөнінде жергілікті билік және қалалық штаб өкілдерімен көшпелі кеңес өткізді. Кездесуде ағымдағы жағдай және көктемгі кезеңде қауіптің алдын алу үшін қажетті шаралар талқыланды.
 Жиналғандарды су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысымен Е.Байыров таныстырды. Мәселен, Қаражал қаласының аумағында су тасқыны қаупі бар 2 елді мекен бар. Атап айтқанда  Шалғия кенті және Ақтай шағын ауданы. Су басу кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 21 бірлік инженерлік және қосымша техника, 4 мотопомпалар дайындалды.
 Жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту, қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда қаладан 5000 текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ, су жолын бөгеуге  1200 қап  инертті материал мен  2 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды.
 Кеңес соңында өңір басшысы қала басшылығына және барлық уәкілетті органдарға елді мекен аумақтарын су басуға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдай отырып, су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын тұрақты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.