Құрметті құрылысшылар! Қадірлі құрылыс саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақстанда тамыз айының екінші жексенбісі Құрылысшылар күні ретінде белгіленген.
Құрылыс индустриясы — экономиканың негiзгi iргетасы. Әрбір елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрғыда ілгері басуы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Себебі, ол – қоғамдық өміріміздің күрделі әрі кешенді жүйесі. Сондықтан, құрылысшы – құрметті де мәртебелі мамандық.
Ауданымызда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының деңгейі – өңір экономикасының өркен жайып келе жатқандығының айқын айғағы.
Өңір тұрғындарының сұранысы мен тілегі бақылаудан бір сәт те тысқары қалып көрген емес. Қазіргі таңда жекелеген тұрғындар да жер телімдерін алып, тұрғын үй тұрғызуға күш салуда. Мұның бәрі ауданда құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын, құрылысшылардың аянбай еңбек ете білетіндігін көрсетеді.
Құрылыс саласының қарқынды дамуының тағы бір жарқын дәлелі – аудан орталығында салынып жатқан 16 пәтерлі және екі 8 пәтерлі көпқабатты үйлердің жуырда пайдалануға берілетіндігі. Сонымен қатар, Жезді, Қарсақбай кенттерінде жаңадан спорт-сауықтыру кешендерінің бой көтеруі. Мәдениет және білім ошақтары да күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сол себепті, құрылысшыларымызға төл мерекесі қарсаңында дән ризашылығымызды білдіреміз.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт және жемісті еңбек тілейміз!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.