Ұлытау қадірлі қариясымен қоштасты

Дүние – жалған! Тіршіліктің түйіні түптің түбінде кімді болсын, осындай тұжырымға тірейді. Ұлт бесігінің абызы, көнелердің көзіндей болып ғұмыр кешкен Жақия аға Садықовтың қазасы соны тағы бір мәрте айғақтап берді…

Марқұмды ақтық сапарға арулап шығарып салу сәтіндегі қаралы жиын тізгінін ақын Әнуар Омаров ұстады.

-Елге, жерге керек, ерекше бітім-болмыстағы адамдар болады. Ағамыз сондай жандардың бірі әрі бірегейі еді. Бар ғұмыры Ұлытаумен тікелей байланыста болған тұлғалы азамат өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Қай қызметте жүрсе де, елдік мұрат ұстанымынан айнымады… Бәріміздің көңіліміз жабырқаулы, жанымыз жүдеп тұр. Бірақ, тағдырдың жазуына қылар қайран жоқ, – деді аудан әкімі Советбек Медебаев.

Аудан басшысының күйзеліс тұнған лебізін асыл азаматтың замандас достары Қадыр Үңгітбаев, Шахман Асансейітов және Елордадан келген құдасы Темірбек аға жалғастырды.

Қалың ел қайраткер тұлғамен қимай қоштасты.