Күніне 40-45 шақырым жол жүрген жиһанкез Қызылорда облысының шекарасына жетті
1 сәуір күні Ұлт ұясы – Ұлытаудан жаяу сапарын бастаған жиһанкез, «Ұлытау» тарихи-табиғи қорық-мұражайының ардагері, қолөнер шебері, өлкетанушы Сәрсенбай Қотырашев күніне 40-45 шақырым жолды еңсеріп келеді. Қазір ол Қызылорда облысының шекарасында.
– Сәрсенбай аға 5 сәуір күні кешке Қызылорда трассасындағы «130 шақырым» деген жерге жетіп, сол жерде далада қонды. Оған дейін, ол Жезқазған қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан «Сырдария» атты шәйханада қонған екен. Шәйхананың қожайыны Азамат деген жігіт жиһанкезді қарсы алып, бір малын сойып, басын асып қонақжайлылық танытқан. Ол сондай-ақ, жолына қаражат беріп, жолдың қиындығынан сынған арбасын дәнекерлеп азаматтығын көрсетіп, шығарып салыпты. Жалпы, Сәрсенбай Оспанұлы күніне 40-45 шақырымды еңсеріп, жолын жалғап келеді, – дейді осы сапардың қолдаушыларының бірі, жиһанкездің жол сапарынан күнделік жүргізіп отырған кординатор Баян Шайгөзова.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесінде Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның 7 облысын жаяу аралап шығатынын жариялаған болатын. Ол сапарының алғашқы он үшінші күнінде Қызылорда қаласына жетуді межелеген еді…