Мәкеннің мәңгілік мұрасы
Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейі Сəтбаев қаласында
Сəрсенбінің сəтті күні Сəтбаев қалалық музейінде Мəкен ТӨРЕГЕЛДИН атындағы Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл рухани шара Сəтбаев қаласының 50 жылдығы мен Ұлы Отан соғысының ардагері, өлке тарихында айрықша із қалдырған тұлға, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры, Түркістан қаласы, Ұлытау, Жезді аудандарының Құрметті азаматы – Мəкен ТӨРЕГЕЛДИННІҢ 100 жылдығына орайластырылып өткізілді.
Көрменің ашылу салтанатына шаһар басшысы Шапағат Əубəкір бастаған қаламыздың бірқатар зиялы қауымы мен мектеп оқушылары қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. – Мəкен Төрегелдиннің есімі тек Ұлытау өңіріне ғана емес, тұтас Қазақстанға кеңінен танымал. Ол кісінің кешегі кеңес дəуіріндегі ел басқару тəсілі мен Жезді ауданының əлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы атқарған істерін аға буын өкілдері жырдай етіп айтып отырады. Мəкен ағаның əр ісі біз үшін үлгі-өнеге. Əсіресе жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп жинақтап, артына қалдырған өшпес мұрасы, бүгінгі музейі Қазақстанда ғана емес кешегі поскеңестік елдердің ешқайсында жоқ, теңдессіз дүние, – деді Шапағат Əубəкір өз сөзінде.
Салтанатта сөз алған Сəтбаев қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марал Мəдиева, ақсақалдар Сабыр Омаров пен Балтабай Малдыбаев, еңбек ардагерлері Майра Жапбасбаева мен Татьяна Хмилярчук, Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Макишев Мəкен Төрегелдин жайлы естеліктер айтса, аңыз тұлғаның ұрпақтары атынан сөз алған Рүстем Төрегелдин осы шараға қолдау білдірген қала басшыларына алғысын айта келіп, көрмені күллі қала болып тамашалауға шақырды.
Бұдан соң музей басшысы Зейпін Қазанбаева жиналған қауымға жəдігерлер жайлы қызықты əңгімелер айта жүріп, көрмемен таныстырды.
Орайы келгенде айта кетейік, «Ежелгі өркениет ошағы» деп аталатын жылжымалы көрме 4-28 сəуір аралығында өтетін болады. Көрмеге ежелгі металлургия тарихын көрсететін көне металлургиялық орын – Милықұдық қонысы жайлы зерттеу деректері, музей қорының археологиялық жəне этнографиялық экспонаттары мен Мəкен Төрегелдиннің жеке қорынан 200-ге жуық жəдігерлер мен сирек құжаттар қойылған. Мұнда жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты да сирек құжаттар мен деректік материалдар жинақталған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ