Сүйінші! Ұлытауға ұлар құсы оралды
«…Аспапты Ұлытаудың шыңдарына қойғаным, оның дауысы естілсе, ұлар құс Ұлытауына қайта оралар деген үмітім бар» деген еді бірде Ұлытаудың ұланы, жас шебер, ұлттық музыка жанашыры, көне музыкалық аспаптардың жоқтаушысы һәм оны жаңғыртушы Азамат БАҚИЯ. Оның осы тілегі қабыл болған сияқты…
Кеше сол Азамат бауырым телефон соғып, сүйінші сұрағандай жаңалық айтты. «Аға, естідіңіз бе, Ұлытауға ұлар келіпті. Ауылдың азаматтары хабарласып жатыр. Тіпті, суретін де жіберді» деді.
Азаматтың айтуынша, өзін Ершат деп таныстырған жігіт ұларды ел Қызылтау мен Сералы қыстақтары жағынан, енді бірі Ұлытаудың іргесіндегі Айыртаудан көргендерін айтып жүргенін жеткізіпті. Мәдениет үйінің қызметкері Жанат есімді кісі «Жуырда Көктөбенің баурайында өткен ұлттық салт-дәстүр фестиваліне келген қонақтар ұлар құсты көріп, суретке түсіріпті» деп мына фотоны да (суретте) жіберсе керек.
Әрине, әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасымды екені – айтушыларға серт. Әйтсе де, жылт еткенді жақсылыққа жоритын халық емеспіз бе…
Ұлар құс Ұлытауға оралып жатса, бұл Жаратушының бізге жіберген бағы шығар…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.