Мақсат – ауылды өркендету
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қарақұм, Байқоңыр ауыл әкімдері тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен, аудан әкімінің орынбасары қос ауылда орналасқан білім ошақтарын аралап, бүгінгі жай-күйімен танысты.
Есеп беру кездесуді Қарақұм ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжанов бастады. Бұл әкім ауылға былтырғы жылы сайланғанымен бірқатар жұмыстарды атқарыпты. Алдағы уақытта да ауқымды атқарылатын жұмыстары бар екен. Осы жылы көше шамдарын жаңартып, ауыл жастарына арналған «Жастар» саябағын салу жоспары бар көрінеді. Ауыл ішіндегі Сәтбаев пен Смайлов көшелерінің автокөлік жолдарын жөндеуді де қарастырып отыр.
Ауыл әкімінің есеп беруінен кейін жергілікті тұрғындардың да пікірі екіге бөлінді. Бірі ауыл әкімінің есебін «қанағаттанарлық» деп жатса, ал бірі шешілмей жатқан мәселелерді алға тартты. Күлпәш Мұсанова мен Құлжанбай Қожахметов ауылдағы “Ертөстік” балабақшасына қатысты мәселелерді көтерді. Әділет Қалды иесіз жүрген иттердің көзін жоюды айтса, Дәулет Байекеев бұқаралық спортты дамытуды сөз етті. Дауылбай Дүйсенов ауыл ішінен скважина қаздыру жөнінде мәселе көтерді. Ал, Жұмағали Кенжалин мен Қалдыбек Әбин ауыл әкімінің есебін “қанағаттанарлық” деп бағалады.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсембайұлы, мекеме, бөлім басшылары на да өз салаларына қатысты тапсырма беріп, күрделі мәселелердің түйіні алдағы күндері шешімін табатынын жеткізді.
Ауыл әкімдерінің есеп беруі Байқоңыр ауылында да жалғасты. Алдымен, ауыл әкімі Шәріп Бекетов атқарылған жұмыстары туралы тұрғындар алдында есебін берді. Ауыл әкімі әуелі алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарын таныстырды. Әкімнің айтуынша, ауылдағы Рысқұлов пен Жанкелді көшелерін асфальттау, саябаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше шамдарын ауыстыру жоспарында бар. Сонымен қатар, ауыл ішінен теміржол станциясына дейінгі жолды жөндеу осы жылғы жоспарға енгізілген. Бұдан бөлек, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Байқоңыр ауылының тұрғыны Ақшабақ Сағынбаева облыс әкімінің қайтарымсыз грантына ие болыпты. Ал, Айдос Құланбай аудан әкімінің грантын иеленген. Екеуі де бүгін өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер. Бірі кондитерлік цех ашса, енді бірі шиномонтаж ашып, ауыл халқына сапалы қызмет көрсетуде. Нақты айтқанда, Байқоңыр ауылының кәсіпкерлік саласында ілгерілеу бар.
Ауыл әкімінің берген есебінен соң Байқоңыр ауылының учаскелік полиция инспекторы Сұңғат Есенғалиев те атқарған жұмыстары жөнінде ақпарат берді.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Марат Бейхам ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі керектігін, Мадияр Хасенұлы ауызсу мәселесін, Нұрлан Жүгінісов ауыл мен теміржол арасындағы жолды жөндеу керектігін айтып, шағымданды. Мәлік Бірмағанбетов электр жарығы туралы мәселені көтерді, Қордабай Жаулыбай бұрынғы мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе деп өз ұсынысын жеткізді.
Бұл сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары, ауыл әкімі, мекеме, бөлім басшылары нақты жауаптарын берді.