Сал-серілер дәстүрін дәріптеп…

Ұлы Дала кіндігі, ұлттың ұйытқысы, бірліктің берік қамалы, қасиетті қарт Ұлытаудың аты жаңадан құрылған облысқа берілуі – Ұлытау-Жезқазған жұртының ғана емес, жалпықазақстандықтардың қуанышы. Осыған орай, Жаңаарқа ауданы әкімінің қолдауымен, сол өңірдің тұрғыны Қайсар СЕЙПІШОВ өзі бастамашы болған «Бабалар ізімен» жобасы аясында қазақы қазанатпен 555 шақырым жер жүріп, қыран бүркітін балдағына қондырып, құмай тазысын ертіп, атбасын Ұлытауға тіреді.

 

Бағзы күндердегі сал-серілер дәстүрін жаңғыртқан мейман мен көш-керуенге жол бойындағы елді мекендерден ілескен ізгі ниетті азаматтарды Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, еңбек ардагерлері Есенғали Әбжамалов, Серік Баймағанбетов, мекеме-кәсіпорындар басшылары аудан орталығына кіреберістегі Қазақстан халқының бірлігі және мемлекет тұтастығы монументі іргесінде салтанатты жағдайда қарсы алды. Сол жерде шағын жиын өтіп, онда еңбек ардагерлері Есенғали Әбжамалов, Серік Баймағанбетов, кәсіпкер Ерлан Жарасбаев сөз сөйлеп, Қайсар Амангелдіұлы мен сән-салтанаты келісті көш-керуен құрамындағы қауымға алғыс айтып, ақжарма тілектерін арнады.

Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, бабалар дәстүрімен Қайсар Амангелдіұлының иығына оқалы шапан жапты. Ол өз кезегінде жұртшылықты жаңа облыстың құрылуы және оның Ұлытау аталуымен құттықтады. Аудан басшылары мен халқына шынайы ризашылығын білдірді.

Сапар барысында көш-керуен Хан Ордасында болып, ел басқарған бабалар рухына тағзым етті. Қаракеңгір ауылында Ұлы Жеңіс күні мерекесі аясындағы іс-шараларға қатысты.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы