Ұлытау—Сарлық жолы жөнделеді

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ұлытау ауданының Амангелді елдімекенінде болды.

Жұмыс сапары барысында Берік Әбдіғалиұлы алдымен Сарлық-Ұлытау бағытындағы ауыларалық жолының асфальтталуы қажет 10 шақырымның жайымен танысты. Биыл аталған жерге облыс бюджетінен 232 млн теңге бөлінді. Конкурс жарияланып, мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.

Өңір басшысының аралау жұмысы барысында 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен №3 Амангелді орта мектебінің ғимараты да назардан тыс қалмады. Аталған жұмыс аясында 158 858 227 теңгеге білім ошағының жылу жүйесі, ғимарат шатыры, есіктері,терезелері ауыстырылды. Сонымен қатар, тоқ жүйесі жаңадан тартылып, қоршауы айырбасталды.

Облыс әкімі одан бөлек елдімекен тұрғындарымен жүздесіп, жеке сұрақтары бойынша қабылдау жұмысын өткізді. Тұрғын үй және кәсіпкерлікті дамытуға қаражат алу сауалымен келген амангелділіктердің мәселесін шешу үшін Ұлытау ауданының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.