Ұлытау мен Қарағанды облыстарына қандай аудандар қарайтыны белгілі болды
Қарағанды және Ұлытау облысының құрамына қандай аудандар ұсынылғаны белгілі болды. Бұл туралы Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XII сессиясында талқыланды, деп хабарлайды Saryarqanews тілшісі.
“Облыста әкімшілік аумақтық құрылым мәселесін шешу алгоритмі әзірленді. Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларында, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында 12-13 сәуір аралығында жоғарыда аталған өңірлерді Ұлытау облысына қосу мәселесі бойынша мәслихаттардың қалалық, аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша жоғарыда аталған өңірлердің мәслихаттары мен әкімдіктерінің тиісті бірлескен шешімдері алынды. Қалалар мен аудандардың экономикалық жағдайы ескеріліп шешім қабылданбақ. Сонымен қатар, әкімшілік аумақтық шекаралар көрсетіле отырып, Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының жүйелі картасының жобасы әзірленді”- дейді депутаттар алдында баяндама жасаған Қарағанды облысы экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Оның айтуынша, өңірді бөлудің орындылығы туралы ғалымдардың оң қорытындысы алынды. Ғылыми сараптама Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде жасалды.
Жүргізіліп жатқан қайта құрулар бойынша тиісті экономикалық есептеулер жүргізілді.
Үкіметке Қарағанды облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныстар енгізілетін болады. Схемалық Карта жобалары әзірленді.
– Шешім тексерілді. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірлері ескерілді, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында Қарағанды облысының аумағында жаңадан Ұлытау облысын құру туралы айтылғаны белгілі.
Қарағанды облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту барысында жаңадан құрылған Ұлытау облысының құрамына Жаңарқа, Ұлытау аудандары мен Жезқазған, Қаражал, Сатбев қалаларын қосу ұсынылды. Ұлытау облысының әкімшілік орталығы Жезқазған қаласы болмақ. Жаңа облыс 18 893 661 гектар аумақты қамтиды.
Ал Қарағанды облысының құрамында Абай, Ақтоғай, Бұхар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды, Балхаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалаларын қалдыру ұсынылды. Сонда Қарағанды облысының аумағы 23 904 635 га болмақ.
Сессияның қорытындысында бірлескен қаулы мен шешім Үкіметке жолданады.
Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ