Білім ұясы жөнделді

Аманкелді ауылындағы №3 орта мектептің тарихы – тым тереңде. Кешегі Кеңес дәуірінде салынып, талай айтулы азаматтарға қанат қақтырған алтын ұяның жөндемді жөндеу көрмегеніне де біраз жыл болған шығар…

Биыл осы мәселе өз шешімін тапты. Облыстық білім басқармасы мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 188 117,0 теңге қаржы бөлді. Сөйтіп, оқу жылы аяқталысымен білім ошағын түбірінен жаңғырту қолға алынды. Ол жұмыспен өңірде талай құрылыстарда сыналып, танылған «Ғимарат KZ» ЖШС айналысуда.

– Қазір құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Ең қуаныштысы – көп жылдардан бері мұндай жөндеу көрмеген мектебіміз адам танығысыздай өзгерді. Іші де сырты да жаңарды, – дейді мектеп директоры Бұхар Байжантаев.

Ғимараттың іші-сырты, төбесі жаңартылған. Сынып бөлмелері әрленіп, әктелген. Заманауи үлгідегі есік-терезелер орнатылған. Жылу желілері жаңғыртылған. Келешекте парта, тақта сияқты ішкі мүліктері де ауыстырылмақшы.

«Жаңа ғимараттай болған мектебіміз – әрі сәулетті, әрі жарық. Биыл 52 оқушы білім алады деп отырмыз. 5 бала 1 сыныптың партасына отырса, 2 бүлдіршін даярлық сыныбына келеді, оқытушыларымыз да жеткілікті. Қат мамандықтар бойынша ауыл балаларын оқуға жіберіп, оқытып алып жатырмыз» дейді Бұхар Тілеуліұлы.

Мектеп басшысының айтуынша, ауылдағы аз қамтамасыз етілген, көмекке мұқтаж 8 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формасы демеушілер қаржысына сатып алынбақ. Жалпы, жаңа оқу жылында оқудан шет қалатын бала болмақ емес.