Күлімдеген көктемдегі шуақты кездесу
Қазақ халқы қашанда қыз баласын ерекше қастерлеп, оларға әрдайым құрметпен қараған. Мереке аясында аудан басшысы Советбек МЕДЕБАЕВ ауданымыздағы аяулы аналар мен қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Дөңгелік үстел форматында өткен басқосуда аудандық мәслихаттың депутаттары Марфуға Әбілдина мен Эльмира Ершұманова, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнәр Ауғанова, аудандық “Өнер” мектебінің мұғалімі Қыдыркүл Бектібаева, жеке кәсіпкер Гүлжазира Көкшина, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Толқын Тәліпова жылы лебіздерін білдіріп, ауданымыздың қыз-келіншектерінің атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берді.
Дөңгелек үстелге қатысушы аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Төлеген Садықов, ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кареновте нәзік жандарды мерекелерімен құттықтап, ақтілектерін арнады.
Мерекелік іс-шарада қыз-келіншектер қауымы да өз пікірлерін білдірді. Ауданымызды көркейту жолында бірлесе жұмыс атқаруға құлшыныс көрсететіндігін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Бұдан кейін аудан әкімі бастаған топ нәзік жандарға құттықтау хаттарымен, әрқайсына бір-бірден гүл тарту етіп, мерекелік сыйлықтарды табыс етті. Шырайлы шараның соңы әсем әнмен әспеттелді.
Жасұлан АЯШЕВ