«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының алғашқы түлектері өз істерін ашуға құрал-жабдықтар алды

Ұлытау облысында іске қосылған «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының қатысушылары өздерінің кәсіпкерлік қызметін бастау үшін ноутбуктер, тігін машиналары, электр пештері, миксерлер, кушеткалар, мультимаркалық сканер және басқа да жабдықтар алды. Жабдықтар жиынтығын салтанатты түрде беру бүгін Жезқазғанда өтті.

 

Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы, «Самұрық-Қазына» АҚ қорының және өңірлік еншілес ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жоба жетекшілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Өңір басшысы «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының алғашқы түлектерін құттықтап, бұл олардың өнімді жұмысы мен кәсіби дамуы үшін жақсы бастама екенін атап өтті. Алдағы уақытта ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер алған қаражатын өз бизнесін кеңейтуге бағыттай отырып, облыс әкімінің грантына өтінім бере алады.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары С.Қалиасқаров өз кезегінде бұл жоба тікелей үйде ақша табуға нақты мүмкіндік беретінін атап өтті. Әр қатысушыға 150 АЕК (459 450 теңге) сомасына жабдықты өтеусіз беру – бұл өз ісін ашқысы келетіндерге елеулі қолдау.

Нәтижесінде 14 адам сертификаттар мен қажетті жабдықтар алды. Қазіргі уақытта біздің өңірдің тағы 26 тұрғыны тәлімгерлермен және жаттықтырушылармен білім алуда.

«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының мақсаты – халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, табысы төмен отбасылардан шыққан жастар өкілдерін, сондай-ақ балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған отбасыларды (немесе ерекше қажеттіліктері бар балаларды) кешенді оқыту.