Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласының бірқатар нысандарын аралады
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жауапты тұлғалармен бірге Жезқазған қаласының бірқатар нысандарын аралады. Бірінші кезекте, өңір басшысы Алашахан даңғылы бойындағы №34 «Д» үйдің тұрғындарымен кездесті.
Олардан әкімге шағымдар түскен болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановқа, сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына кәріз желілері, аулаішілік жарықтандыру, электр жарығы, жертөлелердің санитарлық жағдайы мәселелерін шешу, қосымша қоқыс салатын жәшіктер, аулаішілік бейнебақылау камераларын орнату, үйдің жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету, кіреберістерге күнқағар орнату мәселелерін қарастыру, осы үйдің маңайында автобус аялдамасын орнату, Алашахан көшесіне дейін баратын жолға тротуар салуды тапсырды.
Одан әрі облыс әкімі Абай көшесіндегі №53, 55, Пугачев көшесіндегі №30, Ломоносов көшесіндегі №14, Байқоңыров көшесіндегі №28, Омаров көшесіндегі №30 үйлерге барды. Бұл үйлердің барлығы апатты және ескі үйлер деп танылған. Осыған байланысты Берік Әбдіғалиұлы аталған үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесін шешуді, ескі үйлерді сүріп, салынатын жаңа үйлердің жобасын таныстыруды тапсырды.