«Уақыттың түскен жоқсың кемесінен…»

Күні бойы естері шыға мәз-мәйрам болып ойнап, сонан соң ойынның басқа түріне көшіп, манағы жерден орын ауыстырған балалардың әлгіндегі ойын алаңын көзіңізге елестетіңізші. Шашылып қалған ойыншықтары, су ішкен ыдыстары, киімдері, тағы басқа дүниелер. Сонан соң үйден шығып, ойын балаларының шашып кеткен дүниелерін көріп: «Құдай-ау, мыналар ертең де керек емес пе», – деп бүкшеңдеп, бейберекет жатқан дүниелерді жинастырып жүрген қарияның қимылын көз алдыңызға келтіріп көріңіз.

Адам баласы да осындай… Уақыт толқынымен арпалысып, жанталасып жүреді де, қайсыбір қажетке жарар дүниесін қараусыз тастап кете береді. Тарихшылар, өлкетанушылар адамдардың мән бермей шашып кеткен сол дүниелерін «Құдай-ау, мыналар ертеңгі күнге қажет болмай ма» деп бүкшеңдеп жинастырып жүрген әлгі қария тәрізді.

Сүтемген аға – сондай жандардың бірі.

«Көп, – дейді ел, – оқығаны, тоқығаны,

Шалағай бала емес ол шоқыдағы».

Сүтеке, сені топтан бөлек еткен

Киелі Наушабайдың топырағы.

Шынығып өстің өмір дауылында,

Өзгеше болды сайран-сауығың да.

Біз білетін бір дерек: тербетілді

Бесігің Бекболаттың ауылында.

Тереңге сыр жинаған дала көрдің,

Ұғам деп түбіне ойдың бара бердің.

Тау тұлға Сәтбаевтай дана көрдің,

Талпынып Марғұландай дараға ердің.

Ширатып өмір дейтін шулы алаңда

Беліңді тәуекелмен буған – Алла.

Жел жұлып, жыртар ма еді шежіремді

Тарихшы ұл Тақабайдан тумағанда.

Сүт-аға, өшкен жоқсың ел есінен,

Уақыттың түскен жоқсың кемесінен.

Отырсың архивтерде жазу жазып,

Сөйлейсің музейлердің сөресінен,

Өйткені, көп мұраның егесі – Сен…

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы