Ауылда монша ашылды

Аудан басшысы Советбек МЕДЕБАЕВ Шеңбер ауылдық округіне сапары барысында аудан әкімінің грантына ие болған жас кәсіпкер Бірлік САЛАМАТТЫҢ тың кәсібі – жаңа моншаның ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Хасен ӘБДІРАХМАНОВПЕН бірге нысанның лентасын қиып, жас кәсіпкердің ілкімді ісіне табыс тіледі.

Осы орайда, 2020 жылы аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бөлінген грантын қырыққа жуық жас кәсіпкер иеленіп, ауданның әр аумағында жаңа кәсіптерін ашқанын айта кеткен жөн. Қайтарымсыз грант алған жастар бүгінгі күні өз тірліктерін тиянақты жүргізіп, жерлестерінің сұраныстарын өтеу үстінде.

Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын ауылында жаңа моншаны іске қосқан Бірлік Саламат соның аясында сомасы 750 мың теңгені құрайтын грантқа ие болған еді.

Монша ауыл тұрғындарын сенбі-жексенбі күндері қабылдайды. Қызмет құны қолжетімді – 500 теңге.

Жасұлан АЯШЕВ

ҚОРҒАСЫН ауылы.