Тұрғындардың талап-тілегін зерделеді
Өткен аптада аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ біркүндік жұмыс сапарымен өңірдегі ірі елді мекендер – Жезді және Қарсақбай кенттерінде болып, әлеуметтік даму үдерісінің жай-күйімен танысты.
Аудан басшысы алдымен Жезді кентіндегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен мектеп-интернат пен Оқушылар үйіне атбасын бұрды. Мұнда аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов жаңа кабинеттерді аралатып, оқу барысында пайдаланылатын құрал-жабдықтарға, олардың тиімділік ерекшеліктеріне сипаттама берді. Жалпы жұмысты ұйымдастыру жүйесі мен нәтижесі жайлы әңгімеледі.
Бұдан кейін аудан әкімі кент ауруханасы дәрігерлерімен кездесті. Емдеу ошағының тынысын бағамдап, халықтың ерікті түрде вакцина алуына қатысты жүргізіліп жатқан жұмысты зерделеді. Жуыр маңда аудандық аурухана мамандарының екпе салу жұмыстарын жүргізетіні жөнінде кент тұрғындарын кеңінен хабардар етуді міндеттеді.
Сонымен қатар, кенттегі мәдениет үйі мен Кенесары хан алаңын аралап көрді. Спорт-сауықтыру кешенінің құрылыс орнына барып, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбіловтің алдына былтыр басталған жұмысты жедел жалғастыру туралы талап қойды.
Әкімнің жұмыс сапары М.Төрегелдин атындағы мұражайда кент тұрғындарымен жүздесумен түйінделді. Жиында кент әкімі Серік Есенғалиев өзекті мәселелерге шолу жасап, алдағы жұмыс жоспары жайлы баяндады. Кездесуде кең сипатты әңгіме өрбіп, халықтың ой-пікірлеріне мән берілді. Мәселен, Файзолла Әжібаев ток, ауызсу, кәріз жүйесінің жұмысы секілді түйткілді жайттарды көтеріп, олардың оңтайлы шешімін жеделдетуді сұрады.
Аудан басшысы өзекті мәселелердің барлығы тұрақты назарда болатынын атап өтіп, олардың түйінін тарқату бағытындағы қадамдар жасалып жатқанын айтты. Осытектес жүздесулер жұмыс тәсіліне айналатынына назар аударды.
Сол күні аудан әкімінің жұмыс сапары Қарсақбай кентінде жалғасып, күрделі жөндеуден өткен емхана, саябақ және орта мектептің бүгінгі тынысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Сапар соңында Советбек Тұрсынұлы кенттің мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жиын өткізіп, шешімін күткен мәселелердің анық-қанығын білді. Аудандық аурухана дәрігерлері Қарсақбайға арнайы келіп, індетке қарсы егу жұмысын жүргізетін айтты. Тұрғындарды ерікті негізде екпе салдыруға үндеді. Кент әкімі Аян Әбжамаловқа бірқатар жұмыстарды шұғыл ширатуды міндеттеді..
Аудан әкімінің жұмыс сапары енді басқа ауылдық округтерде жалғасады.
Жасұлан АЯШЕВ.