«Қазақмыс» мерейтоймен құттықтады

Газет беттеліп жатқанда «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген БҮКІРОВ пен осы іргелі компанияның Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік еңбек-қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан ТЕМБАЕВ арнайы келіп, Арқа өңіріндегі абыз басылым – «Ұлытау» газетінің ұжымын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Тарихтың небір тар жол тайғақ кешуінен өтіп, екі қоғамдық дәуірдің жылнамасын жазып, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған басылымның мерейтойы Ұлытау-Жезқазған жұртшылығының мерейлі мерекесі десем артық айтқандық болмас. Өйткені, «Ұлытау» газетінің сарғайған тігіндісін парақтаған жан осы Арқа өңірінде атқарылған ауқымды істер мен атпал азаматтар жайлы жазылған мақалаларды оқыр еді», деген Төлеген Бүкіров газет ұжымын торқалы тойымен құттықтап, сый-сияпатын жасады. Ол сондай-ақ корпорация ардагерлеріне газеттің 50 данасын жаздыратынын айтып бір қуантты. 

Өз кезегінде сөз алған әлеуметтік еңбек-қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев та газет қызметкерлерін басылымның мерейтойымекн құттықтап өзінің тарту-таралғысын табыс етті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ