Әйел бақыты — әлем бақыты

Ана – отбасының ұйтқысы, берекесі, алтын қазығы. Ананың балаға деген мейірімі шексіз. Күннің нұрындай төгіліп тұратын сол мейірімді, жылулықты, шапағатты бәріміз іздейміз, аңсаймыз… Бірақ, таба алмаймыз! Себебі, бұл жалғанда дәл Ана секілді ешбір адам бізге мейірімділік көрсете алмайды. Оны әрбір Анадан туылған адам баласы жақсы сезінеді, біледі.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні аудан орталығында бірнеше ауқымды іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – аудан әкімдігі мәслихатының кіші залында ұйымдастырылған ақ жаулықты аналарға арналған дөңгелек үстел отырысы. Бұл шараға аудан көлемінде әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер және еңбек ардагерлері, зейнеткер аналарымыз қатысты. Дөңгелек үстел басында сөз алған аудан басшысы Советбек Медебаев аяулы аналарды, нәзік жандарды төл мерекелерімен құттықтады.

– Ардақты аналар! Сіздерді жер-дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады. Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Әйелдер – әлемге мейірім мен жаңа өмір сыйлаушы нәзік жан иелері. Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету – қай ұрпақтың да перзенттік парызы болып қала бермек. Қазіргі таңда ауданымыздағы түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, біліктілігін, танымы мен талғамын аямаған әйелдер аз емес. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!, – деді Советбек Тұрсынұлы өз құттықтауында.

Бұдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков пен Ұлытау ауданының прокуроры Рахымжан Рахатов аналарды мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Құттықтау сөзден кейін аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан прокуроры ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтарын ұсынып, мерекелік сыйлықтарды табыс етті.

Мерекелік іс-шара барысында аналар қауымы осы күнге дейін атқарған жұмыстарымен ой бөлісіп, аудан басшыларына ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерін тарту етті.

Жасұлан АЯШЕВ