Аудандық соттың жұмысы жүйелі
Жақында Ұлытау аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Сәрсен САҒАТОВ 2021 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Есепті кезеңдегі қызмет ауқымының нәтижелері түйінделген жиынға аудандық «Ұлытау» газетінің журналистері қатысты.
Журналистер қауымымен жүздесу барысында Сәрсен Сейіткенұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан сот жүйесі қызметін одан әрі жетілдіре түсуге қатысты берілген тапсырмалар аясында жүргізілген пәрменді шаралары туралы кеңірек әңгімеледі.
Аталған жұмыстардың тиімділігі мен шынайылығын нақты деректермен тілге тиек етті. Бұдан кейін өткен жылғы мәліметтеріне сүйеніп, мазмұнды шолу жасады. Сонымен қатар, алдағы күндері атқарылар істердің қыр-сырын ашып берді. Мұның барлығын ресми анықтама деректерінен айқын бағамдауға болады. Мәселен, былтырғы жылы 89 әкімшілік құқықбұзушылық істер қаралып, түгелдей аяқталған. Олардың ішінде 20 іс қысқарып, 29 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. 1 айыппұл шарасы қолданылып, 36 тұлға әкімшілік қамауға алынған. 2 адамға ескерту жазасы қолданылыпты. Ал, азаматтық істердің жалпы саны 58, оны 2020 жылмен салыстырғанда 16 есеге кеміген. Бұдан бөлек, 16 қылмыстық іс қаралып, нүктесі қойылыпты. 10 іс сот үкімінің орындалуына қатысты түзілсе, 4 іс бас бостандығынан айыру жазасымен аяқталыпты. 2 тұлғаға қатысты іс қысқарып, толықтай шешімін тапқан. Бір айта кетерлігі, қаралған істердің басым көпшілігі мемлекеттік тілде жүргізіліп отырылыпты. Ең бастысы, істерді қарау кезінде сот актілерін қайта тексеру жағдайына орын берілмеген. Шығарылған қаулыларға апелляциялық шағым немесе наразылық туындамаған. Жалпы, 2021 жылда өзгертілген, бұзылған шешімдер жоқ.
Баспасөз мәслихатында жұмыстың сұрақ-жауап тәсілімен өрбуіне мейілінше мол мүмкіндік берілді. Өз кезегінде Сәрсен Сейіткенұлы журналистер тарапынан туындаған сұрақтарға орнықты, тұщымды жауаптар қайтарды. Әсіресе, қазіргі кезде халықтың сотқа деген сенімінің азайып бара жатқандығы, сонымен қатар, сот жүйесін дамытуға байланысты әртүрлі өзгерістердің енгізілгені жайында қойылған сауалдарға берілген жауаптар көңілге қонымды болды.
Жиын түйінінде журналистер Сәрсен Сейіткенұлына толымды әңгімесі үшін ризашылықтарын білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ