Жетінші шақырылымдағы Мәжіліс өз миссиясын орындады ма?

2023 жылғы 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қойып, Мәжілістің кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға белгіледі.

Жетінші шақырылымдағы Мәжіліс өз миссиясын орындай алды ма? Экс-депутаттардың өзі бұл туралы не ойлайды? Осыған орай, Информбюро порталы әлеуметтік желіде белсенді мәжілісмендердің қоштасу жазбаларына шолу жасады.

Ерлан Қошанов

Ерлан Қошанов | Фото: informburo.kz

VII шақырылымдағы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысының шешімін толық қолдайтынын жеткізді. Жазуынша, Президент, Сенат сайлауынан кейін Мәжіліс пен мәслихаттардың қайта жасақталуы – заңдылық. «Осылайша елдегі конституциялық реформалар жалғасады, саяси институттар жаңарады».

«Осы шақырылымның мерзімі қысқа болса да, қызметі сапалы әрі мазмұнды болды деп ойлаймын. Біз халқымызбен, қоғаммен, әр азаматпен мейлінше ашық, тығыз қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Барлық мәселеде конструктивті, белсенді жұмыс істедік. Депутаттар өңірлерде туындаған проблемалардың, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қабылдадық. Мемлекетте түбегейлі институционалдық өзгерістер болды. Біз Президентіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілгенін айтуымыз керек», – деп жазды Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар ол Мәжіліс қабырғасында парламенттік тыңдау өткізуді дәстүрге айналғанын айтып, оның екі отырысы қасіретті қаңтар оқиғасына арналғанын еске салды. Жазуынша, толғандырып жүрген өзекті сұрақтарға ашық жауап берілген.

«Біз алдағы уақытта да мемлекет басшысының реформаларын табысты жүзеге асыруға күш саламыз. Енді алдымызда азаматтардың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту міндеті тұр. Барлығымыз осы мақсат жолында жұмылуға тиіспіз», – деп жазды Ерлан Қошанов.

Еділ Жаңбыршин

Еділ Жаңбыршин | Фото депутаттың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Экс-депутат Еділ Жаңбыршин болса, жетінші Мәжіліс миссиясын атқарып шықты деп ойлайды.

«Ерлан Кошанов басқарған Палата бір команда болып жұмысты сапалы атқарды. Мемлекет үшін қажет реформаларды іске асыруға арналған көптеген заңнамаларды қабылдады. Парламент жұмысының жаңа үрдісі қалыптасты: ашықтық, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас жасау, өзекті мәселелерді дер кезінде талқылау және т.б. Өзім үшін Мәжіліс үлкен мектеп болды. Екі жылда елдің аманатын Парламент төрінде қолдан келгенше көтердік. Шайқас, тартыс, пікір-талас, компромисс, дәлелдеу, іздену, өзгерту, сынаққа түсу бастан өтті. Барлығы да қара бастың қамы емес, елдің тыныштығы мен дамуы үшін жасалған іс-әрекет еді», – деп жазды ол.

Еділ Жаңбыршин әріптестеріне, өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын жеткізді.


 

Ерлан Сайыров

Ерлан Сайыров | Фото: informburo.kz

Ерлан Сайыров қоштасу жазбасында өзінің Мәжілісте атқарған жұмысына есеп берген. Жазуынша, ол Мәжілістің 85 жалпы отырысына қатысып, 603 сұрақты қарастыруға атсалысқан, 2 рет баяндама жасап, мемлекеттік органдарға 17 сұрақ қойған, 6 пікірталасқа қатысқан. Сондай-ақ 39 заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін құрылған жұмыс топтарына мүше болып, 2 жұмыс тобына төрағалық еткен, Үкімет мүшелерінің атына 27 депутаттық сауал, оның ішінде 8 бірлескен және 19 бастамашылық депутаттық сауал жолдаған.

«Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған негізгі іс-шаралары жоспарына сәйкес 1 Парламенттік тыңдауға, 14 Үкімет сағатына қатысып, 3 рет сөз сөйледім, мемлекеттік органдарға 5 сұрақ қойдым. Мен мүшесі болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген тақырыптық, көшпелі отырыстарға қатыстым. Менің бастамам бойынша «Шекаралық аймақтардың даму мәселелелері» атты отырыс ұйымдастырылды», – деп жазды экс-депутат.

Сондай-ақ ол «Amanat» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде және «Жер аманаты» республикалық комиссиясы мүшесі ретінде атқарған жұмысын, қоғамдық қызметтегі белсенділігін еске салды.

«Біздің басты миссия халыққа еңбек етіп, азаматтарға көмектесіп, қоғамның ықпалдастығын күшейту. Осы бағытта баршамызға табыс, жетістік тілеймін! Еліміз — аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз біргеміз», – деп жазды Ерлан Сайыров.


Мақпал Тәжмағамбетова

Мақпал Тәжмағамбетова | Фото депутаттың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Мақпал Тәжмағамбетова қиындығы мен жауапкершілігі көп кезекті белестің тарихқа айналғанын жеткізді.

«Атқарылған қызметтің нәтижесі, жемісі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Бірақ, мақсатымыз – бір күндік іске емес, түбегейлі өзгерістерге түрткі болу. Қоғамның дамуына теңіз тамшысындай ғана үлес қосқан болсақ, еңбегіміздің бос кетпегені», – деп жазды ол.

Аманжол Әлтай

Аманжол Әлтай | Фото: informburo.kz

Аманжол Әлтай да күрделі кезеңде депутаттық мандатты ұсынып, сенім білдірген халыққа, Президентке алғыс білдірді.

«Бабалар аманатына, халық үмітіне, Президент сеніміне лайық болуға білімім мен қабылетімді салып еңбек етуге тырыстым. Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған әріптестеріме рақмет айтамын. Күрделі кезеңде көптеген маңызды заңдарды қабылдадық. Парламенттің ықпалы күшейді, депутаттар ойымызды, пікірімізді, ұсыныстарымызды ашық айтуға тырыстық. Билік пен халық арасына алтын көпір болуға ұмтылдық», – деп жазды ол.