5 адам, 3 техника қар құрсауынан құтқарылды

«Март, март деп жүріп, февралімнен айырылып қалдым ғой», депті баяғыда мал соңында жүрген бір ағамыз. Сол айтпақшы, ақпанның басындағы алдамшы жылымықтарға сеніп жүріп, нағыз қыстың артта тұрғанын аңдамай қалғандаймыз-ау…

Қыс қаһарын енді көрсетті. Өткен аптаның соңында басталған сырғыманың соңы алай-түлей боранға ұласты. Жай боран емес, «түһ» деген түкірік жерге түспейтін, аязы бет қаратпайтын үскірік боран. Ауыл ішінде аяқ алып жүрудің өзі қиындап қалды. Мұндайда алдын ала ескертуге құлақ аспай жолға шығып кеткен жандардың халі нешік десеңізші?!

23 ақпан күні Ұлытау ауданы әкімдігінің кезекші бөліміне Ақтас кентінен трактор, «Нива» және «УАЗ» автокөлігімен шыққан жолаушылардың қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабар келіп түседі. Аудан әкімдігінің азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмысы жөніндегі бас инспекторы Қайрат Далабаевтың айтуынша, жолда қалғандар кент әкімдігінің ұйымдастыруымен, ауыл азаматтарының күшімен елді мекенге аман-есен жеткізілді. Сөйтіп 3 техника мен 5 адам қар құрсауынан құтқарылған.

Бұл – бір күннің ғана оқиғасы. – Үстіміздегі жылы біздің кезекші бөлімге төтенше жағдай туралы 11 хабар келіп түсті. Мұның дені – көлікпен жолға шығып, қарға кептелгендер мен көліктері сынып далада қалғандар. Арасында жаяу шығып кеткендер де бар. Мысалы, Аманкелді ауылындағы «Кененбай» тоғанына балық аулауға барып, қайтарда қарға кептеліп қалғандар тарапынан 3 қоңырау түсті. Жалпы, жыл басынан бері біздің тікелей қатысуымызбен 27 адам, 10 техника қар құрсауынан шығарылды, – дейді Қайрат Нариманұлы.

Бас инспектор әңгіме барысында аудан тұрғындарына «112» орталығы арқылы берілетін хабарламаларға құлақ асып, жолға шығу үшін ауа райының ашылуын күту абзал екенін еске салады. «Әр жүргізуші өз өмірі үшін ғана емес, қасындағы жолсеріктерінің, жақындарының да өмірі үшін жауапты екенін ұмытпағаны жөн» дейді ол. Ал алда-жалда, жолға шығып, қар құрсауында қалсаңыз, не болмаса, көлігіңіз ақауланса, міндетті түрде «112» телефоны арқылы қоңырау шалу қажеттігін де ескертеді.

P.S. Әңгімелесіп отырған кезде кезекші бөлімге Аманкелді ауылымен шекаралас жатқан Қостанай облысының «Бірәлі» қыстағында бір малшы жоғалып кеткендігі жөнінде шұғыл хабар келіп түсті. Төтенше жағдай орын алған жер Қарағанды облысы аумағына іргелес болғандықтан, қоңырау Ұлытау ауданының жедел құтқару тобына беріліпті. Іле-шала арнайы жабдықталған, жол талғамайтын, заманауи үлгідегі «КамАЗ» автокөлігі жолға шығып кетті. Ал, кезекшілік журналға «Оқиға 24 ақпанда орын алды» деп жазылды…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ