Асыл жандар ардақталды

Гүл – көктемнің көрікті мерекесі – Аналардың халықаралық мейрамын ұлытаулықтар да атап өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ қатысып, ардақты аналарды, түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады.

– Бүгін өте маңызды күн, мәртебелі мейрам, ол – Сіздердің құрметтеріңізге. Әр адамның жарық дүниеге келуінен бастап, өсіп-жетіліп, тұлға болып қалыптасуы – анаға байланысты. Бүгінгі қоғамымызда әйел тек отбасының береке – бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет өміріне және саяси мәселелерге араласатын қоғам мүшесі. Қай уақытта болмасын, сан-салалы кәсіптің, тұрмыс-тіршіліктің басы-қасында қыз-келіншектер жүреді. Ең бастысы, сіздер қасиетті жерімізге тірлік дәнін сеуіп, балаларымызды – Ұлы Дала елінің азаматтары етіп, тәрбиелеп отырсыздар. Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас қуаныш, мол бақыт тілеймін, – деді Советбек Медебаев.

Сөз соңында аудан басшысы ҚР Президентінің Жарлығымен марапатталған көп балалы ана, шеңберлік Динара Күлмановаға «Күміс алқа» белгісін табыс етті. Бұдан кейін өңір экономикасының өсуіне елеулі үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандар құрмет биігінен көрінді.

Аудандық білім бөлімінің экономисі Гүлнәр Жұмабекова, №1 Ұлытау орта мектебінің мұғалімі Мейрамкүл Әбітаева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Ақмарал Бәйтенова – Қарағанды облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Алғыс хатына – көп балалы ана Сымбат Есмағамбетова, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Толқын Тәліпова, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айнұр Бимырза ие болды. Осы салтанатта ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының төсбелгісімен Әсия Әбілдина наградталды.

Марапаттау рәсімі одан кейінде жалғасып, аудан әкімі аппаратының еңбеккері Света Жанғабылова, аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Гүлмира Сыздықова, Жезді кенті «Балдәурен» бөбекжайының есепшісі Жайнаш Жәутікова – Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық балалар кітапханасының библиографы Марина Елеуова мен аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқарамасының есепшісі Лиза Шыныбекова аудан әкімінің Алғыс хатын алды. Бұл марапаттарды аудан басшысы Советбек Медебаев пен аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков табыс етті.

Сонымен… Сол күнгі кеште асыл жандар құрмет пен қошеметке кенеліп, алқызыл гүлге оранды. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, көрермендер мол әсерге, мейірім мен шуаққа бөленді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ