Ұлытау облысында мамандар киік өтетін жолдағы кедергілерді жойды
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Ұлытау облысы аумағында киіктің қалың нөпірі байқалғаны туралы ақпарат таралған болатын. Мамандардың айтуынша, бұл ақбөкендердің жылы жаққа қоныс аудару мезгілінен кешігіп қалуынан туындаған көрініс. Әрі кейінгі жылдарда темір жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолдың екі жағына бағаналар орнатылып, сым тартылғанды. Бұл даланың ерке жануарлардың жылы жаққа көшер жолын бөгеп, кедергі келтірген.
Ұлытау облысы әкімінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ұлытау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ, Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ММ, «Охотзоопром» ӨБ РМҚК-нің мамандары және Жаңаарқа ауданының әкімдігімен қоса жануарларға аса қауіпті аймақ саналатын темір жол бойында орналасқан темір торларды ашып, киіктердің тосқауылсыз өтуіне жағдай жасады.