Ағашты жердің ырысы мол

Жыл сайын мамыр айының 1 жұлдызында аталып өтетін дәстүрлі Бірлік мерекесі биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Иісі мұсылманды қайырымдылыққа, ізгі амалдар жасауға үндейтін, ораза ұстап, мұсылманның бес парызын өтеуге шақыратын қасиетті айдың соңғы онкүндігі өтуде. Әлемді жайлаған қатерлі дерттің кесірінен, міне, екінші жыл Бірлік мерекесі бұрынғыдай сән-салтанатпен атап өтілмей отыр. Десек те, биылғы Бірлік мерекесі жаңаша сипатта өтті. Аудан басшысы Советбек Медебаевтың бастамасымен, мереке күні аудан халқы жаппай тал отырғызу акциясына қатысты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақтың қанатты қағидасын ұстанған ұлытаулықтар, осы бір ізгі амалдың ойдағыдай өтуіне атсалысты.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аудан орталығындағы мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары, селоға кіреберіс бас қақпаның қасындағы Ерден бидің еңселі ескерткішінің жанына жиналды. Мақсат – қаладан кіретін күрежолды бойлай 500 түп терек ағаштарын егу. Әр мекеме сәйкесінше 20-40 талдан алдын ала дайындалған орындарға отырғызды. Күрежолды бойлай егілген жас теректер бой алып кетсе ертең-ақ жол бойына көрік берері сөзсіз!

Ізгі акцияға Парламент депутаты Берік Әбдіғалиұлы, аудан әкімі Советбек Медебаев, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, ауыл ақсақалдары Қуаныш Бекілдеков, Қаңтарбай Ділімбетов қатысып, тал отырғызды. Сонымен қатар Оспановтар әулеті өз қаражаттары есебінен алынған теректерін екті. Барлық қатысушылар акция барысында асқан ұйымшылдық пен белсенділік танытты. Сөйтіп, Бірлік мерекесі шын мәнінде еңбек мерекесіне айналды! «Орман көп болса – олжаң көп» дейді екен дана қазақ. Бүгін отырғызылған жас теректер күні ертең ну орманға айналып жатса, келер ұрпаққа қалдырар нағыз асыл мұрамыз сол емес пе?!

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ