ҰЛЫТАУ: Зұлмат құрбандары рухына – тағзым

Аудан орталығындағы «Тағзым» тақтасы орналасқан «Алаш» аллеясында  31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ қатысуымен  зұлмат құрбандарын еске алу, рухына тағзым ету жиыны өтті. Бір минуттық үнсіздік жарияланып, жиылған қауым «Тағзым» тақтасының алдына гүл шоқтарын қойды.

 

-Қазақ елінің күнтізбесінде атаулы күндер аз емес. Олардың қатарында ұлттық, мемлекеттік мерекелер мен кәсіби мейрамдардың тұрғаны белгілі.

Ал бүгінгі күннің мазмұн сипаты – тым бөлек. Бұл – кеңестік дәуірдің кесір саясаты әсерімен қуғынға түсіп, құрбан болған, жазықсыз азап шеккен ата-бабалар рухына тағзым ету күні.

Қиянат көргендер арасында қайраткер тұлғалар ғана емес, қарапайым азаматтар да көп болды. Тыныш жатқан халықтың малын тартып алып, жоспарлы түрде ашаршылыққа ұшыратуы қиянат пен қысымның шектен шығуы еді. Нәтижесінде ел босқынға айналды, адамдар есепсіз ажал құшты.

Өткенді ескермей, болашаққа болжам жасау – мүмкін емес. Сол себепті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақ ұлты басынан кешкен қасіретті кезеңнің тарихи мәніне айрықша көңіл аударды. 

Біз қаншама зұлмат пен қылкөпірден аман өткен халықпыз. Қазір етек-жеңін жиған, бүкіл әлем таныған тәуелсіз елге айналдық.

Кейінгі ұрпақ нәубет жылдарындағы елдің шерлі шежіресін, бүгінгі бейбіт күннің бағасын біліп өсуі керек. Мына өзіміз тұрған аллея мен «Тағзым» тақтасы – соның кепілі. Дәл осындай тағзым орындары, тақта немесе шағын сәулет мүсіні үлгісінде ауданның барлық ауылдары мен кенттерінде орнатылуы тиіс. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл бекер айтылмаған. Сондықтан, біз бұл талаптың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз.   

Баршамызды ұлы бабалар рухы қолдасын!

Мемлекет іргесі тыныш, еліміз аман, әр таңымыз нұрлы болсын! – Советбек Тұрсынұлы өзінің жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Көңілдерді толқытқан жиында, сондай-ақ, Алаш қайраткері Ахмет Баржақсыновтың ұрпағы Серік Қолданұлы мен еңбек ардагері Сәрсен Бектемісов лебіздерін білдіріп, зобалаңы мол кезеңнің халықтың жүрегінде қалдырған айықпас жарасы туралы сөз қозғады.

Бұдан кейін аудандық орталық мешітте қажетті карантиндік шектеу талаптары сақтала отырып, марқұмдардың рухына құран бағышталды.

Жасұлан АЯШЕВ.